«Атамекен» өнер ордасында ҚР Мәдениет қайраткері, суретші Отарбай Кендірдің «Жусан иісі» атты жеке шығармашылық көрмесі ашылды.
Көрмеге суретшінің пейзаж жанрындағы суреттері қойылған. Табиғат бейнесін адам жанының терең бұлқыныстарымен қабат суреттеген жұмыстары көрмені тамашалауға келген көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Картинадағы ой мен бояудың қанықтығы, түстердің өзара үйлесімі өзге бір әлемге жетелейтіндей. «Атамекен» өнер ордасының директоры Марат Қалиев суретшіні құттықтап, алғысхатпен марапаттады. Артынша мәдениет пен руханият көшінде жүрген ағалары жылы лебіздерін білдірді.
- Бүгінгі көрменің атауы «Жусан иісі» деп қойылыпты. Меніңше, бұл атау дәл қойылған. Себебі Отарбай Қанатұлының қаламынан туған жұмыстардың негізі – табиғат көріністері. Сіз суретшінің суреттерінен тек биік тау немесе жазық даланы көріп қана қоймайсыз, ондағы ауаны да сезінесіз. Туған жер тақырыбына арналған жұмыстарынан міндетті түрде жусанның жұпары аңқып тұрады. Бұл нағыз суретшілерге тән шеберлік деп білемін, – деді «Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Айдар Батырханов.
Шара барысында суретші, композитор, «Атамекен» өнер ордасындағы көрме ұйымдастыру бөлімінің басшысы Қуандық Мәдір қылқалам шеберінің өмірдерегіне шолу жасап, суреттерін талдады. Пейзаж жанрында жұмыстанып жүрген суретші шығармашылығының негізгі арқауы – табиғатпен біте қайнаған адам мінезінің тереңіне үңілу болып табылады. Суретшінің сөзінше, ата-анасы малшы болғандықтан, оның картиналарынан төрт түліктің бейнесін көп кездестіруге болады екен.
Аталмыш көрмені 6 қарашаға дейін «Атамекен» өнер ордасының көрме залынан тамашалауға болады.
Әнуар Аманжол,
«Орал өңірі»