9.01.2025, 17:00
Оқылды: 16

Жүзден аса жүрек отасы жасалды

Қазіргі  таңда  қан  айналымы  жүйесі аурулары  елімізде өлім-жітім,  мүгедектік  және  сырқаттанушылықтың  негізгі  себептерінің  бірі  болып  отыр.  Мұндай  аурулар  миокард  инфаркті,  инсульт,  жүрек  жеткіліксіздігі,  аритмия  сияқты  асқынуларға  әкеліп,  адамның  өміріне  қауіп  төндіреді.  Сондықтан  халықтың  денсаулығын  сақтау  үшін  кардиологиялық  ауруларды  ерте  анықтап,  оларды  тиімді  емдеу  аса  маңызды.  Осыған байланысты  өңірімізде  қан  айналымы  жүйесі  ауруларының  алдын  алу  және  емдеу  бойынша  ауқымды  жұмыстар  атқарылып  келеді.

IMG_2342

Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында ШЖҚ «Облыстық кардиологиялық орталық» МКК директоры Арман Байдеуов орталықтың жыл басынан бергі атқарған жұмысы турасында баяндама жасады. Оның сөзінше, былтыр облыс бойынша жүргізілген скринингтік тексерістен халықтың 99,5%-ы өткен.

Қан айналымы жүйесі ауруларының ерте кезеңдерін анықтау деңгейі 10,3%-ды құрады, ал динамикалық бақылауға алу көрсеткіші 99,3%-ды көрсетті. Қазіргі таңда облыстағы кардиологиялық стационарларда 144 төсек-орын, кардиохирургиялық стационарларда 12 төсек-орын бар, сондай-ақ кардиологиялық және кардиохирургиялық оңалту бөлімшелері  жұмыс  істейді.

– Жыл сайын 4 мыңнан астам науқас стационарлық ем алады, 200-ден астам ашық жүрек операциясы, 3000-нан астам коронарографиялық зерттеу және 100-ден астам жоғары технологиялық жүрек операциясы жасалады. Мұндай қызметтер пациенттерге сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Былтыр облыс бойынша қан айналымы жүйесі ауруларынан өлім-жітім мен мүгедектік деңгейін төмендету мақсатында бірнеше маңызды іс-шара ұйымдастырылды. Мәселен, 2024 жылдың наурыз айында Астана қаласының кардиохирург маманы А. Смоленскийдің қатысуымен «Жүректің күрделі ақауларына хирургиялық операция» атты шеберлік сағаты өтті, онда үш пациентке ота жасалды.

Ал шілде айында жүрекшелер фибрилляциясын емдеу мақсатында криобалондық абляция мен катетерді абляциялау әдістері бойынша шеберлік сағаты өткізілді. Жаз айларында ЭХОКГ бойынша шеберлік сағаты ұйымдастырылып, қазан айында электрофизиологиялық зерттеу мен радиожиілік абляциясы жүргізілді. Қараша айында Киев қаласынан келген кардиохирург Г. Емецтің қатысуымен орталық қақпақшаны транскатетермен ауыстыру бойынша TAVI операциясы жүзеге асты. Бұл шаралардың барлығы облыс тұрғындарына жоғары сапалы кардиологиялық көмек көрсетуге бағытталған.

Операциялардың барлық түрі қазіргі уақытта облыстық кардиологиялық орталықтың мамандары тарапынан жүзеге асырылуда. Сонымен қатар консультациялық-диагностикалық қызметтер тұрақты түрде ұйымдастырылып, тұрғындар кардиологиялық мәселелер бойынша өздеріне қажетті медициналық көмек ала алады, – деді Арман  Нұрқайырұлы.

Осылайша облыста қан айналымы жүйесі ауруларының алдын алу, ерте анықтау және емдеу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар облыс тұрғындарының денсаулығын жақсартуға, мүгедектік пен өлім-жітімнің алдын алуға бағытталған.

Аружан Аманжол,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале