Біздің облыста 600 мыңнан астам тұрғын болса, соның 53 пайызы экономикалық тұрғыда белсенді болып есептеледі.
Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша міндетті зейнетақы жарнасына арналған 360 мыңға жуық шот тіркелген. Облыс бойынша осы шоттардағы қаражат көлемі 289 миллиард теңгеге жетті. Яғни, республикадағы зейнетақы жинағының төрт пайызын құрайды. Өңірде мұнайгаз индустриясы жақсы дамыған. Облыста 175 кәсіпорын 7,3 мың жұмысшыға міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасын аударады. Жұмысшылар шотындағы зейнетақы жинақтары 2,5 миллиард теңге құрайды. Облыста зейнетақы қорының 15 бөлімшесі салымшыларға қызмет етеді. Бұл жайында «Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры» АҚ өкілдерінің облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаевпен кездесуінде айтылды.
– Елімізде зейнетақы жинақтау жүйесінің енгізілгеніне 20 жыл болды. Осы мерзім аралығында нарықтық экономика талабына орай түрлі салада институционалдық реформалар жүргізілгенімен, зейнетақы жинақтау жүйесінің негізгі бағыттары өзгеріссіз күйінде қалды. Яғни, әр адамға еңбек жолында жинаған жарна көлеміне байланысты зейнетақы тағайындалады. Биылғы 9 айда 10 миллионнан астам жеке шот ашылған. Соның ішінде 9,8 миллион зейнетақы шотында 7,5 триллион теңгеден астам қаражат жинақталған. Қазіргі уақытта еліміздің экомоникасын дамыту бағытында зейнетақы қорының стратегиялық ықпалы күшеюде. Сондықтан зейнетақы қорының басқару жүйесіне қатысты салымшылар тарапынан жиі сауал туындайды. Елбасының тапсырмасы бойынша Ұлттық банк зейнетақы активтерін бәсекеге қабілетті ортаға беруге қатысты ұсыным жобасын әзірледі. Республика бойынша әрбір салымшыға зейнетақы жинағындағы қаражаттың орташа көрсеткішінің үлесі 816 мың теңге құрайды. Бұл сома жеткілікті мөлшерде емес. Елімізде биыл зейнетақы жарнасын аударудың орташа жиілігі күтілгеніндей 12-ден емес 8 жарнадан болды. Батыс Қазақстан облысында зейнетақы жинақтау жүйесін дамыту, басқа өңірлерге қарағанда, жоғары деңгейде. Мәселен, өңірдегі бір зейнетақы шотындағы жинақтың орташа көлемі – 821 мың теңге. Дегенмен, тұрғындардың қаржылық сауаттылығын көтеру, оларға зейнетақы заңнамасын түсіндіру, міндетті зейнетақы жарналарын көбейту бағытында халыққа толыққанды ақпарат жетіспей жатқанын сарапшылар айтуда, – деді «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның басқарма төрағасы Сәуле Егеубаева. Ол 2014 жылы елімізде қабылданған зейнетақы жүйесін дамыту тұжырымдамасына сәйкес жүргізіліп жатқан реформаларды баяндады. Кездесуде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ өңірлік желіні сүйемелдеу және дамыту департаментінің директоры Мәмила Мұсабекова зейнетақы қорының электронды қызметі жетілдірілгенін, сонымен қатар, инфляция құны ескеріле отырып, зейнетақы төлемдеріне мемлекеттік кепілдеме берілетінін айтты. Оның түсіндіруінше, еліміздегі зейнетақы жинақтарының 43 пайызы мемлекеттік, 11 пайызы квазимемлекеттік, 12 пайызы шетелдік құнды қағаздарға, 22 пайызы екінші деңгейлі банктерге инвестиция ретінде тартылған.
– Зейнетақы жүйесін жаңғырту барысы жөнінде тұрғындарға жүйелі түсіндіру қажет. Әсіресе, әйелдердің зейнет жасының ұлғаюына байланысты сауалдар көп. Еліміздегі зейнетақы қорының ахуалы жөнінде ашық баяндадыңыздар. Бұл бағытта тұрғындарға түсінік жұмыстарын әлеуметтік желілер арқылы да белсенді жүргізуге болады, – деді облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев.
Кездесуде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ мен облыс әкімдігі арасындағы өзара іс-қимыл жөнінде ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Меморандум бойынша «Ақпараттық Қазақстан - 2020» бағдарламасы ауқымында қос тарап зейнетақы жүйесін жаңғырту мәселелері, қор қызметінің балама мүмкіндіктері, зейнетақы заңмнамасының талаптары жайында облыс тұрғындарына кеңінен түсінік жұмысын жүргізеді. Бүгінге дейін БЖЗҚ өкілдерімен еліміздің 10 аймағында меморандум жасақталған. Айта кетейік, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ 2013 жылы құрылған. 2016 жылдан бастап зейнетақы активтерін басқаруды жетілдіру жөнінде ұсынымдар жасау құзіреті Президент басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді.
Нұртай Текебаев
zhaikpress.kz