23.11.2021, 19:05
Оқылды: 133

Жыл сайын суға деген тапшылық артып келеді

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен кеңес отырысында елді мекендерді таза сумен қамту мәселесі талқыланды. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтың айтқан деректеріне сүйенсек, «Ақ бұлақ» және «Нұрлы жер» бағдарламалары ауқымында бюджеттен 32 млрд. теңгеден астам қаражат бөлініп, 230 ауыл таза сумен қамтылды, 4 мыңнан астам су құбыры жаңадан салынды және қайта жаңартылды. Облыс жұртшылығын ауыз сумен қамтамасыз ету 2000 жылы 31%-дан 2020 жылы 88,4%-ға дейін ұлғайды.

A7032A8C-485C-428E-8300-3A6FC312294B

Жыл қорытындысы бойынша осы көрсеткіш 89,9%-ға жетпек. Басқа өңірлермен салыстырғанда сумен қамту көрсеткіші бойынша БҚО 9-орында тұр. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының нысаналы индикаторына қол жеткізу мақсатында биыл 21 АЕМ-де жалпы сомасы 5,8 млрд. теңгеге 20 сумен жабдықтау нысанын салу және жаңғырту жұмысы жүргізілуде (Ақжайық ауданы – 3, Бәйтерек – 4, Бөкей ордасы – 2, Бөрлі – 2, Казталов – 2, Қаратөбе – 1, Жәнібек – 1, Теректі – 5, Шыңғырлау – 1). Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен облыстың тоғыз ауылында (Ақжайық ауданының Коловертное, Тасоба, Бөкей ордасы ауданының Тереңқұдық, Сырым ауданының Қазақстан, Тасқала ауданының Бастау және Ынтымақ, Теректі ауданының Подхоз және Придорожное, Казталов ауданының Еңбек ауылдары) 113,5 млн. теңгеге кешенді блок-модульдер орнатылуда.

61C46210-0367-40EE-957A-C035D1583BD5

– Қазіргі кезде 186 ауыл таза сумен қамтамасыз етілмеген. Онда 37,2 мың адам немесе облыс тұрғындарының 11,6%-ы тұрады. Сараланған тариф енгізу арқылы тұрғындарды су ресурстарын үнемдеуге ынталандыру қажет. 2025 жылға дейін елді мекендерді сумен толық жабдықтау үшін 31 жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу көзделуде. Тұрғын саны 200-ге дейінгі 120 ауылда кешенді блок-модулдер орнатуды жеделдету керек. Бір қондырғының орташа құны – 8-17 млн. теңге. КБМ-ды күтіп ұстауға жыл сайын 1-2 млн. теңгедей қаражат жұмсалады, – деді Әлібек Антазиев.

63077fa1-aea8-4cbb-a951-0a9827bd17e8

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков шаһар жұрты Жайық өзені мен жер асты су қорын пайдаланып отырғанын айтты. Жаңа су көзін іздестіру нәтижесінде су өндіру көлемі тәулігіне 27 мың шаршы метрге дейін ұлғайды. Кәріз сорғы стансасы мен ескі коллекторларды жөндеу жұмысы қарқын алғанымен, жазғы уақытта ауыз су тапшылығы анық сезілуде. Биылғы сәуір-мамыр айларында су тұтыну көлемі тәулігіне 40 мың текше метрден 57 текше метрге дейін артты. Жаз айларында бұл көрсеткіш 67 мың текше метрге жетті. Соған байланысты жер асты су жүйесін пайдалануды арттыру мақсатында тағы алты ұңғыманы қазу жұмысы басталды. Қала әкімдігі коллекторларды тазалау және сорғы стансаларын күтіп-ұстау үшін «Батыс су арнасы» ЖШС-на жеті арнайы техника сатып алып берді. Шаһар басшысы су тапшылығы анық сезілетін шағын аудандар аумағына резервуарлар орнату қарастырылып жатқанын айтты.

48ebd080-3947-45b3-8d7c-3eb4e38d224d

– Облыс бойынша гидрогеологиялық зерттеулер қорытындысына сүйеніп, барлық елді мекен аумағындағы су көзін барлап, нақты ақпарат беріңіздер. Су көзін табуға байланысты ең тиімді нұсқаны пайдалануымыз керек. Топтық су құбырын қашықтан пайдалану қыруар қаражат талап етеді. Кешенді блок-модулдерді күтіп-ұстауға байланысты нақтылау жұмысын жүргізіп, тұрғындарға сапалы су жеткізуге көңіл бөлуіміз қажет. 13 ауылда тұрғын саны тез өсіп келе жатқаны байқалады. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы алдағы он жылдағы демографиялық өсім көрсеткішін сараптама жасауы керек. 2025 жылдың қорытындысын күтудің  қажеті жоқ, бір-екі жыл ішінде барлық елді мекенді таза сумен қамтуды жоспарлаған жөн, – деген облыс әкімі Ғали Есқалиев елді мекендерді сумен жабдықтауға жауапты мекемелер басшылары мен аудан әкімдеріне тапсырмалар берді.

82dbf68f-3604-456a-8e42-591786d260c5

e64b6a4f-018b-4cd9-a6ac-4fc2197ffe63 

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале