Осы жағдай қоғамдық кеңесті бейжай қалдырмады. Өңірдегі оңтүстік аудандардағы жаңартылған жол сапасы көңіл көншітпейді. Ауыр жүк көліктері шамадан тыс жүк «арқалайды», соның кесірінен жол жабыны бұзылуда. Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті төралқа отырысында осы өзекті мәселе күн тәртібіне шығарылды.

Жиынды ашқан кеңес төрағасы Бауыржан Атауовтың айтуынша, жаңа құрамдағы кеңестің бір топ мүшесі жұмыс сапарымен 8 ауданды аралап, халықпен кездескен. Сонда көтерілген түйткілді мәселелерді атқарушы билікке, облыстық мәслихат депутаттарына, әсіресе, киікке қатысты жағдайды ашық хатпен Үкіметке, тиісті министрлікке, Парламент Мәжілісінің депутаттарына баяндап, қатынасхат жолдады. «Тағы бір мәселе – жолдардың сапасы. Былтыр және алдыңғы жылы салынған жолдардың бұзылып жатқанына тұрғындар алаңдаулы. Сондықтан осы мәселені талқылауға жауапты мекемелердің өкілдерін шақырып, мәселенің түйінін шешуге асықпыз», – деді төраға.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мұратбек Қасымовтың баяндауынша, аутожол саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері бойынша облыс бойынша 18 тәуекел анықталып, оны жою мақсатында 44 ұсыныс дайындалды. Негізгі тәуекел өңірдегі жолдарға паспорттау жүргізілмеген. Соның салдарынан жол салу және жөндеу жұмыстарын жоспарлау жүйесіз жүргізіледі. Мысалы, Орал қаласының Абай, Назарбаев даңғылдары мен Сарайшық көшелеріндегі жолдар соңғы жылдары бірнеше рет жөнделді. Е. Тоқсанов, Т. Жароков және Преображенская көшелерінде соңғы 20 жылда ешқандай жөндеу жүргізілмеген. 2019 жылдан бері жергілікті атқарушы құрылымдардың тапсырысымен 195 жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Алайда соның 68-і қағаз жүзінде қалды. Сонда бюджеттің 271,2 млн теңгесі негізсіз желге «ұшқан». «Келесі сыбайлас жемқорлық тәуекелі – орташа жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттамасы бола тұра, күрделі жөндеуге жаңадан құжаттама жасау. Мысалы, 2021 жылы Бөкей ордасы ауданында Мұратсай ауылына кіреберіс жолға орташа жөндеуге 1,8 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттама дайындалған. Кейін күрделі жөндеуге қайта жобалық-сметалық құжаттама жасалды. Мұндай жағдай Казталов ауданында «Беспішен – Қошанкөл – Қараоба» жолын орташа жөндеу жобасын дайындауға 1,3 млн теңге бюджет қаржысы жұмсалғаны ескерілмей, қайта күрделі жөндеуге құжаттар дайындалған», – деген Мұратбек Қасымов мұндай жағдайлардың орын алуын қала-аудан әкімдіктерінің мәселені толық қадағаламауынан көреді.
Жобалардың бастапқы құнынан қымбаттауында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар. Бұл күндері облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы құны 94,6 млрд теңге болатын 13 жобаны іске асыруда. Тапсырыс беруші мемлекеттік құрылымның тарапынан тиісті бақылаудың болмауы, мердігердің жұмысты мерзімінде аяқтамауы жобаның қымбаттауына алып келеді. 2022 жылы аяқталуы тиіс «Бөрлі – Ақсай – Жымпиты 68-139 км» жобасы қазір бастапқы құнынан 11 млрд-ға, яғни 17,7 млрд теңгеден 28,7 млрд теңгеге қымбаттады. Бірақ мердігер тарапынан жөндеу жұмыстарының сылбыр жүріп жатқаны облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының назарынан тыс қалды. Басқарма мердігерге қарсы ешқандай шара қолданбай, жөндеу мерзімін ұзартып отырды. Осыған байланысты жиында шарттарды келесі жылға ұзарту тәжірибесін тоқтату, мерзімде аяқтамаған мердігерлерді жосықсыз деп тану, болашақта оларды осындай жұмыстарды жасаудан шеттету қажеттігі ұсынылды.
Сыртқы талдау кезінде бір уақытта өңірдің әр ауданында орналасқан көптеген нысанда техникалық қадағалау жүргізетін мердігерлер де анықталған. Мысалы, бір ЖШС 13 жол құрылысы бойынша техникалық қадағалау жүргізуі қажет. «KOMPRA» ақпараттық жүйесіндегі ақпарат бойынша серіктестікте бар болғаны бес адам жұмыс істейді. Ал құрылыс нысандары – Ақжайық, Жаңақала, Жәнібек, Сырым және Теректі аудандарында. Құрылыс нысандарының арақашықтығы 100-ден 500 км дейін қашықтықты құрайтынын ескерсек, кәлләмізге техникалық қадағалаудың сапасына қатысты көп сұрақ келері хақ. М. Қасымов облыстық әкімдік базасында жолдар бойынша ақпараттық портал құруды ұсынды. Онда барлық жол бойынша мәлімет, жолдардың күтіп ұсталуы, жөнделуі мен жаңғыртылуы туралы ақпараттар қамтылуы керек. Сонда мемлекет құрылымдар мен қоғам тарапынан жол құрылыстарын бақылауға мүмкіндік болады.
Сонымен қатар құрылыс жүргізілетін жолдарды көбірек учаскеге бөлу арқылы мердігерлер қатарын молайту, мониторинг тобының жұмысын жандандыру туралы ұсыныс айтты.
Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының БҚФ-ның басшысы Рафис Зинетов «Автомобиль жолдары туралы» заңының 13-бабына сәйкес жергілікті атқарушы құрылымдар облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау кезінде аталған ұлттық орталығымен жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізуді ұйымдастыруға міндетті екенін жеткізді. Алайда күні бүгінге Жәнібек, Казталов, Сырым аудандарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерімен келісімшарт жасалмаған. Сапа орталығына тапсырыс беруші тарапынан жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптауға қаржы аз бөлінеді, бөлінген қаражат жоба құнының 1%-ына да жетпейді.
– Өңірде мердігерлер жетіспейді. Сол себепті бір компанияның мойнында 7-10 жоба бар әрі техника тапшы. Мердігер ұйымдардың көп-шілігінде асфальт бетон зауыты жоқ және жол зертханалары құрылыс нысанында емес, осыған байланысты асфальт төсеу технологиясы бұзылады. 2024 жылы жол құрылысы нысандарында техникалық қадағалаушылардың орнында болмауының 22 дерегі тіркелді. Мердігерлердің көпшілігі жаңадан жөнделген учаскелерді бұза отырып, ауыр жүк техникаларын қолданады. Мысалға, жолға түсетін жүктің салмағы 8-12 тонна болуы керек болса, мердігерлер 15-18 тоннаға дейін материалдар тасымалдайды. Соның кесірінен жаңадан салынған жолдардың жабыны бұзылуда. Жол сапасын көліктік бақылау инспекциясымен қатар тапсырыс берушілер, техникалық қадағалаушылар да назарда ұстауы тиіс. Бір техникалық қадағалаушы мекеменің 3 облыста бір мезетте 10-15 нысанды мойнына алып, тіркелген жағдайлары кездеседі. Бір техникалық бақылаушының бір уақытта 10 нысанда қалай міндетін атқаруы мүмкін? Құрылысты жоспарлауда да түйткілдер аз емес. Әдетте жолды жөндеу жұмыстары учаскенің бас жағынан басталады. Жол әрі қарай ұзаған сайын жөнделген учаскедегі жол үстімен құрылыс материалдары тасымалданатынын өздері біледі. Сондықтан жолды жөндеу басынан емес, аяқ жағынан басталғаны дұрыс, әйтпесе, өздері салған жолды мердігерлер өздері бүлдіреді, – деді Р. Зинетов.
БҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Рахымберді Ашкеевтің сөзіне сүйенсек, инспекция теңгерімінде 2 жылжымалы көліктік бақылау бекеті бар. Өңір аумағындағы аутомобиль көлігі туралы заңнаманың сақталуын 19 маман бақылайды. Алайда көліктік бақылау инспекциясының штатындағы мамандар санының және бақылау көліктерінің аздығы облыстағы 6 мыңнан астам шақырым жолды толыққанды қадағалауға мүмкіндік бермейді. «Iveco» маркалы ЖКББ 2016 жылы шығарылған, «Mitsubishi L200» маркалы ЖКББ, 2023 жылы шығарылған. Бір көлік («Iveco» маркалы ЖКББ) халықаралық келісімге сәйкес Самара-Шымкент автожолында тәуліктік кезекшілік атқарады. Ал, екіншісі («Mitsubishi L200» маркалы ЖКББ) қала және облыс аумағында адами және уақыт ресурстарын ескере отырып, тек қана ауыр салмақты және ірі көлемді аутокөлік құралдарын ғана емес, қауіпті жүк, жолаушылар тасымалы саласын бақылауды жүзеге асырады.
– «Жол жүрісі туралы» заңға сәйкес жолдардың сақталуына бағытталған іс-шара ұйымдастыру тек көліктік бақылау құрылымдарының ғана міндеті емес. Осы орайда өңірдегі жолдарды сақтау мақсатында 2025 жылдың сәуір айында құзырлы мемлекеттік және квази мемлекеттік құрылымдармен «Батыс Қазақстан облысының автомобиль жолдарында ауыр салмақты аутокөлік құралдарының жүруін бақылауды қамтамасыз ету жөніндегі 2025 жылға арналған мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-қимыл жоспары (Жол картасы) бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылды. Инспекция биылғы 4 айда 634 хаттама толтырып (2024 жылдың 4 айы 1348), 195 млн 495 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Сонымен қатар жолдардың бұзылуын және олардың жөндеуаралық мерзімдерінің қысқаруын болдырмаудың тиімді тәсілі ретінде жолдарда жүк көліктерінің салмағын өлшеу үшін аутоматтандырылған өлшеу стансаларын орнату керек. ҚР Премьер-министрі Ә. Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңестің 2023 жылғы 16 қарашадағы хаттамасына сәйкес республикалық және облыстық маңызы бар аутомобиль жолдарына 220 аутоматтандырылған өлшеу стансасын орнату тап-сырылды. Соның ішінде облыс аумағында Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы – 7, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ облыстық филиалы 8 аутоматтандырылған өлшеу стансасын салуды жоспарлады. Бұл күндері «Hoptekc ГРУП» ЖШС Орал қаласындағы Конкин көшесі бойына бір ғана аутоматтандырылған өлшеу стансасын орнатты. Алайда оның сапасы көңілден шықпайды. Өйткені салмақты дұрыс көрсетпейді. Жолдар желісінің сақталуына бақылауды күшейту мақсатында аутоматтандырылған өлшеу стансаларын орнату мәселесі бойынша облыс әкімдігіне тиісті хаттар жолданды, – деді Р. Ашкеев. Аталған инспекция басшысы аутоматтандырылған өлшеу стансаларының қашан орнатылатынын нақты айта алмайды. «Біздің де осы жерді басқарып отырғаннан кейін жолдың бұзылып жатқанына жүрегіміз ауырады», – деп қорытты сөзін ол.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншәлиевтің баяндауынша, 2024 жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға 34,8 млрд теңге қарастырылып, жылдың қорытындысында 250,8 км жол жөнделді. Биыл облыстық жергілікті маңызы бар жолдар және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 42,2 млрд теңгеге 212 шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарланған. Соның ішінде облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға 37,8 млрд теңге, 177 км асфальтбетон жабынын төсеу жұмыстары жоспарланған және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 12 елді мекеннің ауылішілік жолдарын 4,4 млрд теңгеге 34,9 км асфальтбетонды жабын төселмек.
– Жобалық-сметалық құжаттама болмаса, қаржыға бюджеттік тапсырыс берілмейді. Республикалық трансферт бөлу үшін де құжаттама керек. Қаражат болады деген кепілдік болып, жоба жасақталса, сонда ол пайдаланылмай қалмас еді. Былтыр Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы филиалының сапа сараптамасымен облыстық жолдар 100% қамтылды. Сонда 403 заңбұзушылық анықталды. Құрылыс бақылау басқармасына 15 рет хат жолданып, мердігер және техникалық қадағалау ұйымдарына 7,4 млн теңге айыппұл салынды. 3 техникалық қадағалау инженері нысан басынан алынып тасталды. Мердігер ұйымдар 196 млн теңгеге 38 мың 648 шаршы метрден астам асфальтты бетон қабатын өз қаражатына қайта төседі, – деген басқарма басшысы ауыр салмақты аутокөліктердің жолдарға едәуір зиян келтіріп жатқанын жоққа шығармады.
Қоғамдық кеңес мүшелері күн тәртібіндегі мәселе бойынша ой-пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын айтты. Нұрлан Сәдір 68 жобаның пайдасыз қалғанын, оған салық төлеушілердің ақшасы жұмсалғанын, бұдан тек жобалаушы мекемелердің ғана пайда көргенін айтты. Мұндай жағдайдың артында кімнің лоббиі тұрғанын анықтау қажеттігін ұсынды. Бауыржан Ғұбайдуллин жаңартылған жол жамылғысының қалыңдығы 6 см екенін, оның көлік ағынын көтере алмайтынын, сондықтан бұл стандартты 2-3 есе қалыңдату туралы ұсынды. Сонымен қатар аутоматтандырылған өлшеу стансасын орнататын монополистік позициядағы «Hoptekc ГРУП» компаниясына «кіндік» байламай, басқа да цифрлық технологиялармен жұмыс істейтін мекеме-кәсіпорындарға иек арту керек екендігін жеткізді. Манарбек Ғабдуллин Чапаев ауылы тұсындағы Жаңақала бағытындағы бұрылыс жолда өлшеу жүйесі болғанын, соны қайта орнату, қауіпсіздік үшін киіктер өтетін жол тұсына ескерту бильбордтар қою керек екендігін айтты. Қоғамдық кеңес отырысына қатысушылар ауыр жүк көліктеріне бақылауды күшейтуді, жолдарды паспортизациялауды, қоғамдық мониторингті енгізуді, жол құрылысы басталғанға дейін сапалы жоспарлауды, сараптама жүргізуді, салааралық өзара байланыс пен келісімдерді жетілдіруді ұсынды. Жаңарған жол үстіндегі ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс салмағы жолды бүлдіріп, бұзып жатыр. Осыған орай мердігерлерге қойылатын заңды талапты күшейтіп, нақты шаралар алу қажеттігі ұсынылды. Жол сапасына қатысты түйінді түйткілдерді шешу мақсатында жауапты мекеме-ұйымдар 10 күн ішінде ұсыныстарын қоғамдық кеңеске жазбаша түрде жолдауға келісті.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»