24.09.2020, 20:34
Оқылды: 4

Жыл соңына дейін облыс бойынша 3110 ит аулау жоспарланған

Бүгін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ветеринариялық клиникасында қаңғыбас иттер  мен мысықтарға жүргізіліп жатқан биозарарсыздандыру жұмыстарымен танысты.  

 1 (56)

Жыл басында облыстық ветеринария басқармасы өңірдегі бұралқы иттер мен мысықтарды аулау және биозарарсыздандыру қызметін жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу рәсімін өткізген еді. Алайда рәсімдеу шаралары  ұзаққа созылған соң, жыл соңына дейінгі мерзім ішінде облыс орталығында  қаңғыбас ит-мысықтарды аулау үшін Орал қалалық ветеринарлық станциясымен келісімшарт жасаған. Ал иттер мен мысықтарды  биозарарсыздандыруды қосалқы мердігер ретінде Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ветеринариялық клиникасы жүргізуде. Яғни «Жәрдем-Вет» оқу-ғылыми өндірістік орталығындағы бұл жұмыстарды университет студенттері де атқарып, тәжірибе жинауда.

1 (47)

- Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына сәйкес бір көзден сатып алу әдісі бойынша ветеринариялық станциялармен келісімшарт жасалды. Жыл соңына дейінгі үш айда облыс бойынша 3110  ит аулау жоспарланған. Орал қаласында 700-ге жуық иесіз жүрген ит-мысық аулау көзделіп отыр. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 35 454,0 мың теңге шамасында, соның ішінде Орал қаласы бойынша 7980,0 мың теңге қарастырылған. Жануарлар биозарарсыздандырылып, екпе егіліп, өз мекеніне қайтарылады. Ал құтырған, адамға қауіпті жануарлардың көзі жойылады. Университеттегі питомник 75 ит-мысықты қабылдай алады.  Облыс орталығымен шектесетін аудандардағы жабайы жануарлар аталмыш клиникаға әкелінетін болса, шалғай аудандардағы ветстанциялар өздері атқарады, - деді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қазбек Ташимов. Ал аталмыш қызметтерді Бөрлі және Шыңғырлау аудандарында биылша «КарачаганакПромСервис» ЖШС жүргізеді.

1 (32)

Айта кету керек, бір басты аулауға 2600 теңге, ал биозарарсыздандырудан өткізу үшін жынысына қарай 5500 теңге және 11000 теңге жұмсалады. Биыл облыс аумағындағы иттер мен мысықтарды тіркеуге арналған дерекқор іске қосылған. Ауланып, ем-дом алған жануарлар жөніндегі ақпарат сонда енгізіледі. Қазбек Қазиханұлы айтып өткендей, аталмыш база өңірдегі ит пен мысықтардың санын реттеуге, ветеринарлық шараларды жоспарлауға септігін тигізеді.

Айна Имашева,

 zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале