21.09.2021, 9:41
Оқылды: 43

Жылдық жоспар 101%-ға орындалды

Қоңыраулатқан қыркүйектің табалдырықтан аттағаны кеше ғана еді, міне, оның да үшінші онкүндігін «оқтадық». «Туған ай туралған еттей» деп қайран қазағым қалай тауып айтқан. Күз соңы – қаһарлы қыс. Күн өткен сайын күздің жаңбыры мен  ызғарлы желі жиілей түсетіні және бар. Ол өзгеден бұрын қысқы мал тамағын дайындау жұмыстарында жүрген қыр қазағының қолын жіпсіз байлары хақ. Ал өңір басшысы Ғали Есқалиев өткенде аталмыш шаруаның басы-қасында жүргендерге биыл кем дегенде 1,5 жылдық жем-шөп қорын жасақтау міндетін қойды. 

1

Жалпы, осы жылғы меже қандай, қазіргі көрсеткіш көңіл көншітіп отыр ма? Сана саңылауынан қылтиған осы бір сауалға жауап алмақ ниетте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын бетке алдық. Олардың берген мәліметі бойынша, алдағы қысқа кіреді деп жоспарланған 924,0 мың шартты мал басына 1826,5 мың тонна шөп  дайындалуы қажет. Қазіргі күні орақ түскен 4483,8 мың гектар шабындықтан 1858,5 мың тонна (орташа түсім – 4,0 ц) өнім алыныпты. Осылайша жылдық жоспар қазірдің өзінде 101,8%-ға орындалған.

– Биыл егілген 32,1 мың гектар мал азықтық дақылдардың 15,6 мыңы көп жылдық, 15,1 мыңы бір жылдық шөп болса, 1,3 мың гектары сүрлемдік жүгері. Сонымен бірге жеті тауар өндіруші осы жылы 1864 га жаңа
суармалы алқапты іске қосса, оның да 1748 гектары мал азығына арналған. Мұның сыртында 153,9 мың га өткен жылдардағы көп жылдық шөп егісі бар.

Жасыратыны жоқ, күнелтісін негізінен алдындағы төрт түлігінен  айырып отырған ағайын үшін жеткілікті жемшөп қорын жасақтап алу қашан да маңызды. Бұл жергілікті атқарушы құрылымдардың да жіті назарында. Ауыл тұрғындарына арзандатылған бағамен шөп сатуға ниет танытқан шаруашылықтарға мемлекеттік қордан жер де беріліп жатыр. Күні бүгін орман алқабынан бөлінген 5,7 мың га шұрайлы шабындыққа пішеншілер шалғы салды. Әрі толғауы тоқсан тіршілікте әр түрлі жағдайлардың, соның ішінде, көмекке мұқтаж һәм көп балалы отбасылардың да кездесіп жататыны  рас. Бір қолын екі ете алмай жүрген сондай жандар үшін  өңірімізде 28 шөп шабу бригадалары жасақталып, оларға да 8600 га жер берілді. Әсіресе, бұл жұмыс Ақжайық, Қаратөбе, Сырым және Казталов  аудандарында тым-тәуір ұйымдастырылып отыр, - дейді облыстық  ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақов.

Шүкір, Жер-ана биыл батысқазақстандықтарға өз ырыздығын молынан сыйласа, құрғақшылық салдарынан көрші облыстар көріп жатқан қиыншылықтар тағы белгілі. Өле жегенше бөле жеуді қалайтын қазақы қайырымдылық бұл жерде де қанатын кеңге жайыпты. Нақтырақ айтсақ, Атырау мен Маңғыстау облыстарынан өңірімізге арнайы делегация келіп, аймақаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында меморандумға қол қойылған. Сол құжат аясында жем-шөп тасымалы шығынын азайту үшін Ақжайық ауданы аумағынан Атырауға 10 мың га, ал Маңғыстауға Қаратөбеден 30 мың  га шабындық жер бе­рілген. Бұдан  бөлек жергілікті белсенді азаматтардың көмегімен маңғыстаулықтарға 257,5 тонна шөп пен 50 тонна жем тегін жіберіліпті.

Әңгіме арасында Сатқан Ержанұлы күзгі далалық жұмыстарға 11,0 тонна және мал азығын дайындауға қосымша 2,0 тонна арзандатылған дизель отыны (1 л құны – 166 т) бөлінгендігін  жеткізді.

Қыс – қатал сыншы. Осынау сындарлы шақтан қапысыз қамданғандар ғана ойдағыдай өтері хақ. Жалпы, өңірімізде жасыл орақ науқаны біркелкі ойдағыдай ұйымдастырылып жатқанымен, шалғайдағы Жәнібек
және Жаңақала аудандарының қазіргі күнгі көрсеткіштері мәз еместігін байқадық. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Алғашқысы көре жақты дала төсін еркін жайлаған көп киіктен көрсе, екіншісінде, шабындық алқаптарға жеткілікті мөлшерде су түспегендіктен, о бастан шөп шығымдылығы төмен болған. Солай екен деп қол қусырып қарап отырған шаруа жоқ. Жәнібектіктер өз ішкі мүмкіндіктерін сарқа пайдаланып, меже биігінен шығуға қам-қарекет жасап жатса, жаңақалалық кейбір шаруа қожалықтары  Теректі мен Бәйтерек аудандарынан бөлінген жерлерден мал азығын  дайындауға кірісіп кетіпті.

Иә, «кәрі құда» қыр астында. Бірақ шаруаның етек-жеңі ерте жиналып, мол жем-шөп қоры жасақталған жерде қорқыныштың болмасы және айқын.

 

zhaikpress.kz

Сурет egemen.kz сайтынан алынды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале