Осыған дейін БҚО аумақтық сайлау комиссиясының жыл қорытындысына арналған жиын өткендігін хабарлаған болатынбыз.
Өңір әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов сала өкілдерін ҚР орталық сайлау комиссиясының 30 жылдығымен құттықтады. Ол азаматтық қоғамдағы демократиялық құндылықтарды дамытуда, бұқараның белсенділігін арттыруда сайлау жүйесінің орны бөлек екенін айтып өтті.
- Бүгінде сайлау комиссиясының мүшесі болуы – азаматтық жауапкершілікпен қатар үлкен мәртебе. Комиссия мүшесі тек ауыл-аймақтағы беделді тұлға ғана емес, ел сыйлайтын және сенім артатын адам, - деді Бақытжан Хаберұлы.
Ол азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етіп, сайлау процестерін жетілдіруге үлес қосқан сала өкілдеріне облыс басшысы Нариман Төреғалиевтің атынан алғысхаттар тапсырды.
Ал БҚО мәслихатының төрағасы Мұрат Мұқаевтың алғысхаттарын мәслихаттың комиссия төрағасы Борис Лаврентьев табыстады.
Өңірдің сайлау жүйесінде бір облыстық аумақтық, 13 аудандық және қалалық аумақтық, 171 округтік, 504 учаскелік сайлау комиссиясы бар.
Жиын барысында БҚО аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының Құрмет грамотасымен бір топ әріптестер де марапатталды.
БҚО аумақтық сайлау комиссиясының
баспасөз қызметі