БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жақында полицейлер еркін жайылымда жүрген жеті жылқыны ұрлаған күдіктіні ұстады.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қылмыс «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ашылған. Жылқылардың жоғалғаны туралы хабар Бөкей ордасы ауданының тұрғынынан түскен. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті анықталып, қолға түсті. Тергеу барысында оның ұрлаған жылқыларды аутокөлікке айырбастағаны белгілі болды. Ұрланған мал Орал қаласындағы мал сою пункттерінің бірінен бөлшектеу кезінде табылып, тәркіленді. Полиция қызметкерлері барған кезде төрт жылқының сойылып қойғаны анықталды. Мал иесі өз жылқыларын таныған. Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі 2 миллион теңгеден асады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Полиция тұрғындарды малды қараусыз қалдырмауды және күмәнді жағдай туындаса, дереу құқық қорғау құрылымдарына хабарласу қажеттігін ескертеді.
zhaikpress.kz