5.02.2026, 17:30
Оқылды: 9

Жылқы жанына жақын жас инструктор

Қазақ үшін жылқы – жай ғана мал емес, мінез, тәрбие, рух. Осындай ұғымды жасынан бойына сіңіріп өскен жастардың бірі – «Нұр-Ер» ат  спорты кешенінің инструкторы Арнұр Батыров. Жасы небәрі 17-де болса да, атқа міну мен жылқы баптау ісінде 13 жылдық тәжірибесі бар жас маманмен әңгімелесудің сәті түсті.

WhatsApp Image 2026-01-22 at 15.52.18

Арнұр Сырым ауданының Қособа ауылында дүниеге келген. Балалық шағын ата-әжесінің қолында өткізген ол, ауыл тіршілігімен, мал бағу мәдениетімен ерте танысады. Атқа деген қызығушылығы төрт жасынан басталған. Бұған себепкер адам – ағасы. Ол кісі жылқы бағып, бәйгеге қосып, ауыл, аудан, тіпті облыстық жарыстарға қатысқан. Сол ағасының қасында жүріп, Арнұр жылқыны күту, баптау, спортқа дайындаудың қыр-сырын бала кезінен көріп өсті.

Мектепті қалада жалғастырып, 1-10 сыныпты Орал қаласындағы №1 мектепте оқыса, 11-сыныпты ҰБТ-ға дайындалу мақсатында «Зейін» жеке мектебінде тәмамдайды. Қазір Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің дене шынықтыру және спорт факультетінің 1-курс студенті.

«Нұр-Ер» ат спорты кешеніне келуіне досы Темірхан себепші болған. Темірхан бұл жерде аттарды «Аударыспақ» және «Бәйге» жарыстарына дайындап жүрген. Бос орын барын естіп, Арнұр да осы орталықта жұмысқа орналасады. Қазір мұнда алты айдан бері инструктор болып еңбек етіп келеді.

Жас та болса, жауапкершілігі мол. Таңертең ерте келіп, аттардың жем-шөбін, дәрумендерін береді. Жылқыларды күніне екі мезгіл – таңертең және кешкі сағат 16:30–17:00 шамасында тамақтандырады. Бірреттік жем мөлшері 1-1,5 келіден аспауы тиіс. «Жылқы – өте талғампаз жануар.

Жем-шөбін артық та, кем де беруге болмайды. Әр аттың өз мінезі, өз талғамы бар. Бірі сәбізді жақсы көрсе, екіншісі алма немесе орамажапырақты таңдайды», – дейді Арнұр.

Жылқының жемі негізінен бидайдан дайындалады: үгітіліп, суға араластырылады немесе дән күйінде беріледі. Қорада тұрған кезде шөбі әрдайым салулы тұрады. Аттың мінезін бірден тани қою оңай емес. Мінезі көбіне серуенге шыққанда, адаммен қарым-қатынаста білінеді. «Ат адамның мінезін сезеді, соған қарай өзі де мінез көрсетеді», – дейді жас инструктор.

Ат спорт кешенінде жылқы тұқымдары да алуан түрлі. Мұнда қазақтың жабы жылқысы, мұғалжар, көкшетау тұқымдары, сондай-ақ әлемге танымал асыл тұқымды ағылшын мен араб жылқылары бар. Әсіресе асыл тұқымды жылқылардың сымбаты ерекше: ірі, аяқтары жіңішке, сымбатты келеді.

Спорттық бағыттағы аттар ұлттық ойындарға арнайы дайындалады. Мәселен, «Аударыспақ» аттары – денесі шымыр, мойны, иығы, белі мықты, мінезі сабырлы, үркек емес болуы шарт. Көкпар аттары – өте қайратты, төзімді, жылдам бұрылуға икемді. Олар ауыр салмақты серкені көтеріп, шаба алуы керек және адаммен «тіл табысып», қимылды алдын ала сезе білуі маңызды. Ал бәйге аты – нағыз жүйрік: аяқтары ұзын, денесі жеңіл, тынысы кең, ұзақ қашықтыққа шаршамай шабады. Бәйгеде күштен гөрі шыдам мен тыныс басты рөл атқарады.

Аттарды жарысқа дайындау үлкен сабырды талап етеді. Бірден қинамай, бірқалыпты бабына келтіреді. Су мөлшері есеппен беріледі, жарысқа жақындағанда асы жеңілдетіледі. Атты айқайға, топқа, қақтығысқа үйретіп, қорықпауға баулиды.

Бұл орталықтың тағы бір ерекшелігі – иппотерапия. Бұл – ерекше балалар мен ерекше қажеттілігі бар адамдарды аттың қимылы арқылы емдеу және дамыту әдісі. Иппотерапия спорт емес, медициналық-педагогикалық оңалтуға жатады. Аттың табиғи жүрісі адамның бұлшық еттері мен жүйке жүйесін белсенді жұмысқа қосады. Әсіресе ДЦП, аутизм спектрі, Даун синдромы бар балаларға, сөйлеу дамуы кешеуілдеген жандарға үлкен пайдасы бар. Мұндай сабақтар көбіне жаз айларында өткізіледі. Міндетті түрде екі инструктор және атты жетектеп жүретін адам болады.

Қазір бұл жерге атпен серуендеуге, садақ атуға үлкендер де, балалар да жиі келеді. Ата-аналар балаларын қызығушылығын арттыру, мінезін қалыптастыру үшін әкеледі. Өйткені жылқы адам бойына сабырлылық, төзімділік, ұқыптылық пен ептілікті, шапшаңдықты сіңіреді. Қазақ тәрбиесінде де жылқының орны бөлек: жуас баланы шапшаңдыққа баулу үшін жылқы бақтырғаны тегін емес.

Биыл – жылқы жылы. Арнұрдың айтуынша, бұл жыл да жылқы мінезіндей жүйрік, қарқынды өтпек. Өзінің бұл жұмысы оған сабырмен қатар тиянақтылық пен жылдамдықты үйреткен. Ол артынан ерген іні-қарындастарының да атқа қызыққанын қалайды. Дегенмен, бұл іспен жасөспірімдер айналысқанда, ең алдымен сақтық шараларына мән беру керектігін ескертеді.

Болашақта Арнұр жылқы шаруашылығын, жалпы мал шаруашылығын қолға алуды жоспарлап жүр. Жастығына қарамастан, ұлттық спорт пен жылқы мәдениетін дәріптеп жүрген жас инструктордың еңбегі – көпке үлгі. Жылқыға жақын ұрпақ барда, қазақтың қазынасы да өз қадірін жоймасы анық.

Әйгерім Еслям,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале