Орал қаласында өткен «Ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының қазіргі жағдайы және оның болашақтағы даму перспективасы» тақырыбындағы ғылыми конференцияда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры, профессор Асқар Наметов осылай деді.
-Жылқы шаруашылығының экспорт өнімін шығаруға әлеуеті жетеді. Бұл салада еліміздің үлкен жетістіктерге жетуіне мүмкіндігі зор. Әрине, мәселе де аз емес. Мемлекет өнімді жылқы шаруашылығын дамытуды назарына алып, қолдау жасап жатқан жоқ. Алайда қолдау басталатынына сенеміз. Бұл жиында ғалымдар мен бизнес өкілдері кездескеніне қуаныштымын. Екі тарап бірігуі қажет деп санаймын. Салада мәселе көп те, білім, маман жетпейді, технологияны да соңғы үлгіде дей алмаймыз. Әлем ІТ технологияға өткенде біз өндіріс пен селекцияның ескі тәсілдерінде жүрміз. Мемлекеттің мүмкіндігін талқылай бермей, нақты не істей алатынымызды анықтап барып биліктен көмек сұрау керек. Ол тек қаржылай емес, нормативтік заңдар, стандарттар, өнімге қойылатын талап, өңдеу мен оған алынған шаралар жағынан болса. Барлық технология гендік деңгейге ауысқанда бізге де ілесу қажет. Технология мен мамандарсыз ештеңе тындыра алмаймыз.
Ғылыми жақсы көрсеткіштерді тарататын орталықтар, мамандардың біліктілігін арттыру жүйесі жоқ. Жалпы жылқыны зерттейтін мамандарды әзірлеу жүйесі де жоқ. Сала ары қарай қалай дамиды? Қазір осы саладағы мамандардың құлшынысы, ынтасы бар дейік, келесі буын қандай болады? Оларды жергілікті жерлерде, тасада дайындай бере ме? Сондықтан, адами ресурсты дамытудан бастау қажет деп білемін. Қазіргі білім беру жүйесі өндіріске қарай бет бұруда. Нарықтың жыл сайын өзгеретіні сияқты, жыл сайын қажет мамандарды ғана дайындауға мүмкіндік бар. Осы сала мамандарымен, шаруалармен агро-техникалық университет ынтымақтаса жұмыс жасауға әзір. Маман даярлауға өз ұсыныстарын қосып, оқу барысын қадағалай отырып жастарды оқытуға жағдай жасауға болады, - деді Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры, профессор Асқар Наметов.
- Ірі қарадан қазақтың өз тұқымы бар – қазақтың ақбас сиыры мен әулиекөл сиыры. Әлем малдың тұқымы мен өнімділігін генетикалық анықтама арқылы бағалауға көшті. Біздің тұқымдар шетел базасында әлі жоқ. Мемлекет тарапынан қаржы бөлінді, алдағы үш жылда генетикалық құжатын алады деп сенемін. Сонда жаңа туған бұзаудың инвестициялық тиімділігін өскенше күтіп жүрмейді, генетикалық анықтамасы болады. Бұл мәселе қазақ жылқысына да қатысты,- деген Асқар Мырзахметұлы ветеринария саласының өткір мәселелерін де айтып өтті. «Ветеринария жүйесі өзгерді. Түрлі ауруларға қауіпсіздік мәселесі туындады. Жылқы аурулары басқа жануарлардан өзгеше болса да, бұл бағыттағы зерттеу жасалып жатқан жоқ. Өнімді экспортқа шығарған кезде де осы мәселе көлденең шығады. Ал бұл сапа мәселесіне ұласады. Ғылым мен бизнес біріккен жобалар ғана мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Бұдан екі тарап та нәтижеге жетеді. Қазір бірікпесе, бәрі кеш болады» деді ректор.
Нұрлыбек Рахманов
Суретке түсірген автор
zhaikpress.kz