Тайпақ ауылындағы Бақтығали Бисенов көшесінде орналасқан №36/1 үйге келдік. Іргетасы желінген, қатты жел соқса, «жантая» кетуге бейім баспананың сырт көрінісі аянышты-ақ. Өткенде ошақтағы жылыту жүйесі (фитиль) атылып, пеші бұзылып, үй ішіндегі қабырға сылақтары ырым-жырым болып түсіп қалыпты. «Жыртық үйдің құдайы бар» демекші, қайта тілсіз жау шаужайдан алмағанына шүкір...

– Бұл үй 1936 жылы салынған. 2018 жылдан бері жалдап тұрдық. Атаулы әлеуметтік көмек алатын болып, үй тіркеуі қажет болды. Содан осы үйдің иесімен келісіп, осы мекенжайға тіркелгенбіз. Бойымыз үйреніп, өз шаңырағымыздай болып кетті. Содан кейін арзан қаққа сатып алдық. Үй апатты жағдайда. Жаңбыр жауса, төбеден шүмектеп су ағады. Жөндеу жүргізуге жарамайды. Төбесі түсіп, қабырғасы қақырағалы тұр. Жұбайымның жалақысы екі-үш айда бір беріліп, созылып кетеді. Бес баламен тұрып жатырмыз. Үш балам мектепте оқиды, біреуі балабақшада, кішкентайым қырқынан шықты. Былтыр өрт сөндіру қызметінен келіп, тексеріп, от жағуға болмайды деп акт жасады. Бірақ соған қарамастан нәрестемізге жылы болсын деп от жағып отырмыз. Жақында ошақтағы жылыту жүйесі (фитиль) атылып, пешіміз бұзылып, қабырғаның сылақтары түсіп қалды. Енді екінші бөлмедегі пешті газға қосып қойдық. Үй салқын. Едені түсіп жатыр, оның тақтайлары ырсиып-ырсиып, аралары алшақтап кеткен, қараңыз. Аяқты тоңдыратын суық жел соғады. Округ әкімдігіне барып, жағдайымызды айтудан кенде емеспін, – деді газет тілшісіне мұңын шаққан көп балалы ана Жұмагүл Әлиева.

Жас отбасы биылғы оқу жылында балаларына мектеп киімін сатып ала алмай қиналғандарын еске алды. Отағасының жалақысы кешігіп түскен. «Мектепке жол» акциясына табысы бар деп ілікпеген. Сәбиіне берілетін төлем мен бес балаға берілетін жәрдемақы сол балапандардың ас-суы мен киімінен артылмайды. Мал ұстамайды, сондықтан сүтті де сатып алады. «Кей күндері қосымша табыс болсын деп дәмханаларға даяшы болып жұмысқа барамын. Балаларды 5-сыныпта оқитын ұлым қарайды. Жұмыста жүргеніммен, елегізіп, осылардың амандығын тілеумен жүремін», – деді Жұмагүл.
Отағасы Нұрғазы Қалиев «Жайықтехсервис» коммуналдық кәсіпорнында опертор болып қызмет етеді. Жалақысы татымсыз, қолына 75 мың теңгедей алады. Үйінің ауласында көлік жөндеп қосымша табыс табуға ұмтылады. «Қазір азық-түлік қымбат. Тапқан табысыма үй сатып ала алмаймын, жетпейді. Пенсионка болса, несие алар едім. Онсыз несие рәсімдей алмаймын», – деді Нұрғазы Қалиев.

Тайпақ ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Абылай Малаев бұл үйдің сараптама негізінде апатты деп танылғанын, аудан әкімдігіне үй сұрап өтініш жазуға көмектескендерін айтады.
«Жергілікті әкімшілік тарапынан уақытша тұруға бос үй тауып бердік. Ерлі-зайыпты Қалиевтер көпбалалы екендерін алға тартады. Отбасы иесі аулада көлік жөндеумен айналысады. Сондықтан біреудің баспанасын тұруға лайықсыз көреді», – деді Абылай Ғалымұлы. Жұмагүл Әлиева қазіргі апатты үйін бұрынғы қожайыннан арзан бағаға сатып алғанымен, ол кісі-нің үйге құжат рәсімдегенде үйді «сыйға» тарту (дарственный договор) келісімшартын жасағандарын еске алды. Өйткені рәсімдеу үрдісі үшін ақы төленбейді.
Одан кейін бұрынғы қожайынның туыстары келіп, үйден шығыңыздар деп әбігерге түсіргендерінен жүректері шайлығып қалғанын жеткізді. «Тағы сондай жағдай қайталанбасына кім кепіл? Қақаған қыс келе жатыр. Үй иесінің бір туғаны келіп: «Баспанадан шығыңыздар» деп келіп тұрса, кішкентайларыммен қайда барамыз деп әкімдік ұсынған баспанаға көшіп бара алмай отырмыз», – деді Ж. Әлиева.
Нұрғазы «Қыстың көзі – қырауда, бір күні паналаған баспананың қожайыны не туыстары келіп, үйімді босат десе, қайда барамын? Қазіргі отырған үйімнен айырылып қаламын» деп қорқатынын ашып айтты. «Жамандықтың беті әрмен, тозығы жеткен баспана бір түнде құлап қалса, бес балапанға бірдеңе бола қалса, кім жауап береді? Осында жаңа үйлер салынуда. Үйі барлар да жаңа баспаналы болуда. Сондай бір пәтерді осы көпбалалы отбасыға неге бермеске?» – десті Нұрғазының ұжымындағылар.
Бұл сұрақпен біз де аудан әкімінің орынбасары Ердос Үмітов пен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Айбек Замеровтің алдына бардық. Апатты үй кезегінде ауданда 34 азамат тұр екен. «Биылғы 24 мамырға дейін кезектегілер біздің бөлім арқылы үй кезегіне тіркелетін. Ал бұдан кейін үймен қамтумен «Отбасы банк» айналысады», – деді Айбек Замеров.

«Бес балалы отбасы мемлекеттің қамқорлығында болуы тиіс. Анадай арса-арса баспанада тұру қауіпті. Күні кеше Сырым ауданында жаман оқиға болып, бес балапанның отқа оранғаны ешкімді ойландырмай ма? Алдында пештегі газ фитилі атылып, үйі өртене жаздаған. Жамандық шақырмайық, дегенмен әлде бір оқиға болып, содан кейін баспана тауып бересіздер ме?» – деп мәселені алға тарттық. «Тайпақта қызметтік үйлерден бос тұрғаны болса, соның біріне кіргізерміз мүмкіндігі болса», – деп қуантты әкім орынбасары.
«Жыртық үйдің құдайы бар» деп қуанып қайттық іссапардан.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»
Орал – Тайпақ– Чапаев– Орал