16.11.2018, 15:47
Оқылды: 95

Зияткерлік мектеп мұғалімдері Ақжайық ауданында тәжірибелерімен бөлісті

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында «Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болады» деген болатын. Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі ұйымдастырып келеді.

Мәселен, биылғы оқу жылының басынан облыс мектептерінің директорлары тағылымдамадан өтсе, орынбасарларына арналып семинар өткізілді. Сонымен қатар өңіріміздің білім беру мекемелерінің кітапханашылары, психологтары біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алды. Ендігі мақсат – облыс аудандарына көшпелі семинарлар ұйымдастыру.

Бүгін Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы Ақжайық ауданында «Іс тәжірибе алаңы: тиімді жоспарлау – табысты сабақтың негізі» тақырыбында семинар өткізді.

М.Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектепте өткен тәжірибе тарату шарасына аталған ауданның 25 мектебінен директорлардың орынбасарлары, мұғалімдер, психологтар, белсенді оқушылар қатысты.

Семинар бағдарламасына сәйкес Зияткерлік және аудандық мектеп ұстаздары математика, физика, химия, биология, информатика, қазақ тілі, ағылшын тілі, орыс тілі, Қазақстан тарихы, жаратылыстану пәндері бойынша біріктірілген сабақ өткізді. Кейін талдау жасап, өзара қорытындыға келді. Бұл күні сонымен қатар пән мұғалімдері ақжайықтық ұстаздарға сабақ құрылымы, оны жоспарлаудың тиімді әдістері жөнінде шеберлік сағатын ұйымдастырды.

Зияткерлік мектеп ұжымы көшпелі семинар бағдарламасында мейлінше әртүрлі бағытты қамтуға тырысты. Мәселен, психологтар Зияткерлік мектептің психологиялық қызметінің ерекшеліктеріне тоқталып, топпен тиімді жұмыстану бойынша тренинг жаттығуларымен бөлісті. ​Сонымен қатар семинарға қатысушы мектептердің оқушылары мен зияткер ұл-қыздар өзін өзі басқару ұйымы жұмысы аясында ұйымдастырылған ойын тренингтеріне қатысып, «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының маңызын талқылады.

Түстен кейін Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Тимур Нұркешов «Мектеп басшысының құзіреттілігі» тақырыбында 25 білім мекемесінің басшыларының басын қосып, семинар-тренинг өткізді. Сонымен қатар семинар-практикумда директордың профильді-эксперименталдық жұмыстар жөніндегі орынбасары Айдар Сұлтанов жаңартылған білім мазмұны жағдайында критериалды бағалау жүйесінің ерекшеліктері жөнінде баяндаса, тәрбие ісі жөніндегі орынбасар Эльвира Айдыналиева НЗМ-дегі тәрбие жүйесінің ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталды. Семинар жұмыстары шеберлік сағаттарымен жалғасты.

nis (5)

-Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесі негізінде мектебімге екінші жыл қатарынан "100 әннің тарихы", "100 кітап" жобаларын енгіздік. Біз өз мүмкіндігімізге қарай аталған жобаларды "30 әннің тарихы", "30 кітап" жобасы деп алдық. Жоба аясындағы жұмыстар оқушылардың жан-жақты дамуына, оқу процесіне оң әсерін тигізуде. Сонымен қатар "Туған елге тағзым", "Шаңырақ" қауымдастығы жобалары да сәтті жүзеге асуда. Мәселен, "Туған елге тағзым" аясында оқушылар жергілікті аға-апаларымыздан мал сою, оны бөлшектеу, киіз басу, қамшы өру сияқты қазақтың дәстүрлерін үйренеді. Былтыр өз мектебімізде Зияткерлік мектеп жобаларын іске асыру бағытында семинар өткіздік. Семинардан соң көптеген ауылдық білім ошақтары аталған жобаларды мектептеріне енгізді, -дейді Жаңабұлақ орта жалпы білім беретін мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Асыл Өмірзаққызы.

Айта кетейік, Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі өткен оқу жылында облыс аудандарында 7 көшпелі семинар ұйымдастырған болатын. Алдағы уақытта тәжірибе тарату бағытындағы шаралар жүйелі жалғасатын болады.

Айдана Хамидуллина,

Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы

nis (10) nis (11) nis (1) nis (2) nis (4) nis (6) nis (8) nis (9)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале