30.11.2021, 10:00
Оқылды: 56

Зияткерлік сайыстардың деңгейі көтерілмек

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті мен «Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігінің бірлескен жобасы – «Білімділер додасы» зияткерлік ойынына осы жолы студенттер қатысты.

10

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Халықаралық студенттер күніне арналған білім жарысында қаламыздағы университет, колледж білім алушылары мен студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының белсенділерінен құралған 10 топ бақ сынады. ҚАЗИИТУ ғылыми-білім кешенінің Студенттер сарайына жиналған студенттер жүргізуші қойған 11 сұраққа кезек-кезек жауап беріп, ойын көркін қыздырды.

Әрбір дұрыс жауапқа бір ұпайдан берілді. Түрлі саланы қамтыған сұрақтар студенттердің ой кеңістігіне еркін самғауына мүмкіндік берді. Студенттер мәдениет, әлеуметтану, саясат, экономика тақырыптарына тыңғылықты дайындалғанын көрсетті. Бұл жарыс көп ізденісті және жылдамдықты талап етеді. Себебі бір сұрақ төңірегінде ойлануға бір минут қана уақыт беріледі.

– Біздің топта 6 студент бар. «Білімділер додасы» осы кезге дейін бірнеше рет өтті. «Aqjaiyq» телеарнасынан жібермей қарап жүрміз. Біз бұл жарысқа қатысу үшін, ең алдымен, университетішілік іріктеу жүргіздік. Сауалдарға жан-жақты жауап беру үшін іріктеуден өткен түрлі мамандықтарда оқитын 6 студенттен бір топ құрылды. Логикалық, музыкалық сұрақтарға жақсы дайындалдық. Мәселен, жүргізуші белгілі бір әуенді қосады да, сол әуеннің қай киноның саундтрегі екенін сұрайды. Жастар арасында танымал, жастар білетін фильмдер бірден ойға оралып, дұрыс жауап береміз. Кейде қиналып қалатын кездеріміз де болады. Жарыс осынысымен қызық, – деді Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті экономика және менеджмент факультетінің 2-курс студенті Гүлсамал Абзалбайқызы. Ал Орал «Мақсат» медициналық колледжінің 1-курс студенті Эльнара Жолдасқалиева бұл жарыстан қазаққа, әлем халықтарына қатысты біраз мағлұмат алғанын айтты.

– Бүгінгі доданы көптен күттік. Бұл жарысқа қатысқан студент әлемдік жаһанданудан хабардар болуы керек. Біздің оқу орнымызда тарих пәні оқытылады. Тарих сабағында қосымша әдебиет, музыка және басқа да өнерге қатысты тапсырмалар орындаймыз. Бүгінгі сайыста көбіне логикалық сұрақтар қойылды, – дейді Эльнара.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынға М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің, екінші орынға Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің, үшінші орынға Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждің студенттері ие болды. Білім бәйгесінің алдынан келген студенттер дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Аида Мектепқалиева студенттерге арналған «Білімділер додасы» зияткерлік ойынының білімге құштар, озық ойлы жастарды анықтау, ынталандыру, облысымыздағы зияткерлік сайыстардың деңгейін көтеру және топ болып жұмыстануға баулуға бағытталғанын айтты. Көктемде басталған жарыс жыл аяғына дейін созылмақ. Екі топтың ұпай саны бірдей болған жағдайда қосымша сұрақ қойылып, жеңімпаз анықталады.

– Бұл жоба Оралдағы түрлі салада қызмет атқарып жүрген жастарды қамтыды. Түрлі саланың үздіктері біліктілігімен көзге түсіп, сайыста жақсы нәтиже көрсетуде. «Білімділер додасы» Бөкей ордасы ауданында да өтті. Сайысқа қатысқысы келетіндер өте көп. Ресейлік «Не? Қайда? Қашан?» зияткерлік ойынына ұқсас болғанымен, бұл сайыс Қазақстанда тұңғыш рет өткізіліп отыр. Келесі жылы да осы бастаманы жалғастыру ойда бар. Аудандардағы жастарды да қамтығымыз келеді. Жобамызды республикалық телеарналар да сұрап жүр, – деді қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысының орынбасары Дәурен Шамұратов.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале