Таяуда өңірлік коммуникациялар алаңында кезекті баспасөз мәслихаты өтті. Оған облыс әкімінің гендерлік саясат мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Жансұлу Төремұратова, облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Арман Дүйсекенов пен «Ақ отау» отбасы орталығы» ҚБ-ның төрайымы Алтынай Есқалиева қатысып, баяндама оқыды.
Жыл сайын 25 қараша – Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін халықаралық күрес күні аталып өтеді. Осыған орай аталған жиында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік» атты халықаралық науқан турасында сөз қозғалды.
– Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік – гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын ілгерілетуге бағытталған халықаралық науқан. Аталмыш науқан жыл сайын 25 қарашадан 10 желтоқсанға дейін өткізіледі. Биыл акция «Бейжің декларациясы мен іс-қимыл платформасының 30 жылдығына орай: әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты тоқтату үшін бірігейік!» ұранымен өтуде. Акция аясында гендерлік теңдікке қол жеткізуді жеделдетудің, әйелдер мен қыз-келіншектердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтудің, сондай-ақ алдын алу шараларын қаржыландырудың маңыздылығына назар аударылады. Мақсат – қоғамды гендерлік зор-лық-зомбылық мәселесіне назар аударту, теңдік құндылықтарын ілгерілету, зорлық-зомбылықсыз мәдениетті қалыптастыру әрі гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы әрекеттерге қоғамды жұмылдыру. 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында Қазақстанның барлық аймақтарында театрландырылған қойылымдар, музыкалық және би ұжымдарының концерттері ұйымдастырылмақ. Көрмелерге өнер саласындағы студенттер де тартылатын болады. Сонымен қатар халық-аралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері халықты әйелдер мен балалардың құқықтары, зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік, заңнамадағы өзгерістер туралы ақпараттандырады, – дейді Жансұлу Меңешқызы.
Науқан шеңберінде өтетін іс-шараларға мемлекеттік құрылымдар, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдар, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары қатыспақ. Іс-шара аясында бірқатар жұмыс атқарылмақ. Бұл жөнінде Арман Құсайынұлы тарқатып айтып берді.
– Акция туралы мәліметтер полиция департаментінің сайттарында, бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстарда жарияланады. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жандарға көмек көрсету алгоритмін түсіндіру мақсатында көшпелі іс-шаралар ұйымдастырылады. Әкімдіктер, денсаулық сақтау, білім беру, еңбек және әлеуметтік қорғау, прокуратура, сот құрылымдарымен бірлесе отырып, тақырыптық брифингтер, семинарлар мен тренингтер өткізу жоспарланған. Бұған қоса зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсету шаралары жүзеге асырылады. Дағдарыс орталықтарындағы сенім телефондары арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мәселелер бойынша кеңес беру қызметі ұйымдастырылған. Қазақстан бойынша 111 бірыңғай сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді. Биыл 379 әйел көмекке жүгініп, оның 35-і полиция қызметкерлерінің жолдамасымен орталықтарға орналастырылды. Бұл акция – қоғамда зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын нығайтуға және оның құрбандарын қолдауға бағытталған маңызды қадам, – деді А. Дүйсекенов.
Материалды дайындаған Аружан Аманжол
zhaikpress.kz