Балықты Сарқыл - батыстағы белгілі көл. Казталов ауданы Жалпақтал ауылында орналасқан. Сол көлдің игілін көріп отырғандар да бар. «Qazaq village» жобасының кезекті кейіпкерлері көл маңындағы кәсіп туралы айтып береді.

- Қазіргі уақытта қолға алып отырған ісіміз жөнінде, оның маңызы жайында жұрт біле бермейді. Біздің кәсібімізге сүйеніш болған Балықты Сарқыл жетпісінші жылдың аяғы, сексенінші жылдың басы егіске толы болды деседі.
Арғы жағы да, бергі жағы да егістен тұрыпты. Ағынды суымен айрықша болған екен. Бұл маңның мән беретін тұсы да осында. Себебі ағынды сулы жерді «қазына» деп есептей беріңіз. Сарқылға су Сарыөзеннен құйылды, қала берді Төремұрат деген шлюз арқылы келіп, өзге де каналдармен жалғасты. Бұдан әрі үлкен өзенге қарай бағыт алған. Бұл кезде құстардың ішінен қаз да табиғатқа көрік, адамзатқа азық болыпты. Жергілікті мыңдаған қаз жұмыртқа басып, сол Сарқылдың төңірегіндегі қамыстың іргесіне жайылып, арасына енгенін білеміз. Баршаға мәлім, қамыстың жалпақтығы жоқ дегенде екі жүз, үш жүз метр болады. Сарқылдың аумағы 2000-2500 гектар десек, айналасын қаптаған қамыстың арасын құс атаулы мекен етіпті
Осы уақытта үйректер мен қаздар күрт көбейген екен. Ал аңшылықпен айналысатындар қалт жібермей, тіпті аулау үшін Ресейдің адамдары да арнайы ат басын тіреген. Жалпақтал, Казталовка кеңістігінің өзі аталған шаруашылықпен айналысуға жеткілікті болыпты. Адамдар атуға арналған дайын оқ жоқ болса да, қолдан жасап, амал қылған. Осындай еңбек етудің ебін тапқан жандар туралы естіп өстік, - деп бастады әңгімесін Нұрбек Нұрсейітов пен Сұлтан Сартаев.

Кейін егемендік алғалы су тапшылығы мен саудасы пайда болғаны мәлім. Оның үстіне қуаңшылық белең алып, жиырмасыншы жылы түгелімен өзен кеуіп қалғанын да халық біледі. Көлемді өзеннің аз уақыт аралығында жойыла бастауы ешкімнің ойына кіріп-шықпаған. Ал 2010-2020 жылдары қардың суы құйылып тұрды. Балықтар түгел қырылып қалғаны да қынжылтты. Қарқындап тұрған балық шаруашылығы жайына қалды. Көліміз көбіне көксеркені молынан берді. Халық арасында да осы аталған балығымен танымал еді.
2006–2008 жылдары территорияны жалға алып, балық шаруашылығымен шұғылдандық. Сол кездің өзінде күніне екі тонна көксеркені олжалайтын едік. Бертін келе кәсіп өрістеген соң, балық және шаян шаруашылықтарын алға қоя отырып, «Көліміздің бұрынғыдай қалыпқа келуіне неліктен жігер жұмсамасқа?» деген ой келді. Қаражат сұрап, неге сумен қайтадан байытпасқа деген ниет пайда болды. Ол үшін, әрине, жоғары жаққа хат жазып, сұраныс жіберуді қолға алдық.
Үнімізді естіген басшылық суды ашатын болды. Су өтетін шлюзді ашса жабуы қиын, жапса ашуы қиын деңгейге жетіп, темірлері тозған болатын. Кейін жақсылап дәнекерлеген екен. Су келетін мүмкіндікті мүлде алып тастапты.
Су келді. 2021 жылдың ішінде-ақ сулы жерге айналып шыға келді, - дейді кейіпкерлер.

Олар қатарынан қуаңшылық жылдары болса да, екі-үш жылдың көлемінде көлді толтырып алған. Тіпті көп ұзамай, айналаға құс келе бастапты.
- Кішкентай шабақтар балықтың мол қорына дейін жетті. Өйткені біздің Сарқыл баяғыдан балықтың ордасы еді.
Сарқыл көлі өз алдында, оның айналасындағы сай-салалардың алдын бөгеп, арнайы тұрба салдырдық. Идеямызды жүзеге асырдық. Карп, ақ амур балығының тұқымын салып, өсіп-өндірдік. Олар бірнеше келіге жетіп, уылдырық шаша бастады. Арнайы өсіріп, күтімін жасағасын, оң нәтижесін берді. Сондай-ақ шабаққа айналған бұл тіршілік иелері Сарқылға құйылып, ағыспен екі жақтап кете бастады. Осылайша чалған тұқымдарымыз ірі балыққа айналды.
Бүгінгі уақытта балығымыз Сарқылда көбейгенінен бөлек, ағысқа қарсы Сарыөзенге де түсіп жатыр. Балық Көктерек, Әбіш, Жұлдыз, Жаңақазан ауылына дейін жетіп жатыр. Бұл ісімізді білетін жандар «Сендердің өсірген балықтарың, бәрекелді!» деп айтқанда, кеудені қуаныш пен мақтаныш кернейтінін жасырмаймыз. Бұны өз саламыздағы кәсіби жоғары жетістігіміз деп санаймыз.
Ойдағы арманымыз, мақсатқа ұласып, міне тұрғындарға пайдасы тиер туристік нысанға айналды. Қызу жұмыспен жүріп байқалмайды екен, зер салсақ, адам қызығарлықтай қызмет қылып келеміз, - дейді кәсіп иелері.
Фотоға түсірген: Мейірбек Тажқұранов
zhaikpress.kz
