Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есалиев аудан халқының көп шоғырланатын орындары болып саналатын аудандық аурухана мен «Қазпошта» мекемелерін аралап, жұмыстарымен танысты. Аудандық аурухана басшысы Қ.Жазықбаев мекеменің жұмыс істеу бағытымен, атқарылатын іс-шаралар барысымен таныстырды. Аудан басшысы мекемені аралау барысында емхана басшысы Д.Жүнісова, дәрігер Э.Ділмұханбетовалармен кездесіп, медбикелермен, емделушілермен пікір алмасты. Мекемедегі жұмысты ұйымдастыру барысын саралай келе, Альберт Темірболатұлы ауылдық округтерден келген емделушілерді алдымен қарап, халықпен атқарылар жұмыста кішіпейіл, қарапайым болу керектігін айтып өтті.
Аралау барысында байқағанымыз: дәрігерлер мен медбикелер орнында, ғимарат іші жарық, жылы, аурухананың материалдық базасы өңделген. Биыл Белогор, Алмаз ауылдық округтеріне жаңа автокөлік алынған. Жаңа медициналық аппараттар мен қондырғылар да іске қосылып, халыққа қызмет көрсетуде.
Жұмыс тобы осыдан соң «Қазпошта» ғимаратын бетке алды. Мекеменің халықпен жұмыс атқаратын залын жөндеу үшін уақытша жауып қойыпты. Төлем мен алым жұмыстары қосалқы бөлмелерде өтуде. Аудан халқы көбіне кезек күтіп қаламыз деп айтып жүретін мекемеде адамдар аса көп емес екен. Интернет жүйесі арнайы жөнделіп, екі жауапты оператор жұмыс атқаруда. Аудан басшысы пошта қызметкерлерін сапалы жұмыс істеп, халықтың алғысына бөленуге шақырды.
Аудан әкімінің екі мекемеге барған сапары сәтті болды. Халық пен оған қызмет көрсететін жандар арасындағы байланыс жақсы екеніне көзіміз жетті. Мекемелерді аралау кезінде аудандық мәслихаттың хатшысы Г.Волкогон да бірге жүрді.
Адақ Шотпанов
Шыңғырлау ауданы