«Қазақстан-2050» Стратегиясында айқындалған басымдықтарды жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралардың қатарында «Мәңгілік ел жастары-индустрияға», «Серпін-2050» жобалары бар екені көпшілікке мәлім. Осы жоба бойынша Чапаевта оқып, мамандық иесі болуға тілек білдірген Маңғыстау облысынан 20 ұл-қыз кешегі 1 қыркүйекте осы колледж студенттерінің қатарына қосылды. Олар жануарларды ветеринариялық өңдеуші операторы мамандығы бойынша білім алады. Аталған облыстағы Бейнеу ауданының балғын бұл жастары өз тарихында 12 мыңнан астам түлегіне үлкен өмірге жолдама берген байырғы оқу орнының оқытушыларымен, басқа шәкірттерімен тез арада танысып, білісіп кетті. Олар «Көкбөрі» әскери патриоттық клубы жұмысымен жан-жақты танысты, футбол, волейбол, қазақша күрес үйірмелеріне қатысуда. Бейнеуліктер аудан орталықтарының көрікті орындарын тұңғыш рет аралап, зор әсер алды. Олар тарихи-өлкетану музейіндегі экспонаттарды аса қызыға тамашалады.
Бекем Бекұлы
Ақжайық ауданы