Екі қолға бір күрек таба алмай жүргендерге көмек көрсету мақсатында Зеленов аудандық жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындарының жәрменкесін өткізді. Мәдениет үйінде оздырылған игі шараға жұмыс іздеген 80-нен астам тұрғын келді. Шара басында жұмыспен қамту орталығының басшысы Виктор Баштавенко жиналғандарды жәрменкенің мақсатымен таныстырып, қазіргі уақытта жұмысшы қажет етіп отырған мамандықтар мен кәсіпорындарды таныстырды.
Жәрменкеге аудан орталығы мен ауылдарда қызмет жасап отырған кәсіпорындар мен шаруа қожалықтары, мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпкерлік иелері қатысты. Жұмысшы қажет етіп отырған 20 шақты мекеме жалпы саны 38 жұмыс орнын ұсынды. Жұмыс берушілер тарапынан жүргізуші, дәнекерлеуші тракторшы және қара жұмысшыларға деген сұраныс көп болды. Қол қусырып отырғысы келмеген әр адам өзін қызықтырған мамандықтарға қалай орналасуға болатындықтарын сұрап, түйіндемелерін тапсырып жатты.
Болашақта бұндай жәрменке өз жалғасын табатын болады.
Түгелбай Бисен