Қаратөбе аудандық мәслихатының депутаттары облыстық мәслихат депутаты Құсайын Мұқановтың иелігіндегі «Сатыбалды» шаруа қожалығында болды.
Қожалық жұмысымен танысқан депутаттар шаруашылықтағы асыл тұқымды мал басын көбейту, шөп шабу науқанының басталуы жөнінде пікір алмасты.
Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын өркендетуге арналған бағдарламаларды аудан көлемінде жүзеге асыру мәселесіне баса мән берілуі қажеттігі талқыға түсті.
Аққозы ауылдық округінде орналасқан, Құсайын Ізімұлы жетекшілік ететін «Сатыбалды» шаруа қожалығының жайылымдық алаңы 7258 га алқапты алып жатыр. Қожалықта 783 бас ірі қара (оның ішінде 180 бас қазақтың асыл тұқымды ақбас сиыры), 231 бас жылқы малы бағылады.
«Агробизнес – 2020» бағдарламасы шеңберінде кәсібін дөңгелентіп отырған кәсіп иесі Қ.Мұқанов 2011 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 39,0 млн. теңгеге 196 бас мүйізді ірі қара малының аналығын сатып алса, 2014 жылы «Құлан» бағдарламасы бойынша 48,0 млн. теңгеге 162 бас бие, 10 бас айғыр сатып алды.
Сонымен қатар 2014 жылы 99 бас қазақтың ақбас асыл тұқымды малының қашары сатып алынып, шаруашылықта асыл тұқымды мал басының саны арта түсті.
www.zhaikpress.kz
Серікбай ХАСАНОВ
Қаратөбе ауданы