20.07.2016, 17:07
Оқылды: 105

Еңбекқор жігіт елге келді

кожалыкЕгіндікөл ауылдық округінде жаңа шаруа қожалығы құрылды. Қожалық қожайыны – Егіндікөл ауылының тумасы, ардагер механизатор, ауданның егін шаруашылығы саласына еңбегі сіңген Самер Сарышолақовтың ұлы Ерболат Сарышолақов. Ол Орал қаласында кәсібін дөңгелентіп отырған белді кәсіпкерлердің бірі.

Ауылда туып өскен ауыл баласы туған жеріне оралып, ауыл шаруашылығының өркендеуіне үлесін қосып «Тимур» шаруа қожалығын ашты.

Туған жердің төскейін малға толтыруды мақсат еткен Е.Сарышолақов Әлденбай қыстағы бағытынан жер телімін алысымен үй және мал қорасын салуды бастады.

Бүгінде мемлекет тарапынан ұсынылған «Сыбаға» бағдарламасы бойынша Зеңгі баба тұқымын алуға жұмыстану үстінде. Сонымен қатар Қамбар ата төлін де өсіріп, көбейтуге де ниетті.

Әке тәрбиесін көріп, жастайынан еңбекқор бала атанған Ерболат Самерұлы өз қаражатына су жаңа «МТЗ – 82» тракторын және шөп шабатын техника сатып алып, мал азығын дайындау науқанына қызу кірісті.

Ерболаттың қожалық ашып, жұмыстануына әкесі Самер ақыл қосса, бауырлары Бекболат пен Жасталап ең бірінші кезекте жәрдемші.

«Еңбекпен тапқан нан тәтті» демекші, егіндікөлдік еңбекқор жігіттің туған жеріне келіп бастаған шаруасы көпке үлгі боларлық.

 

Серікбай ХАСАНОВ

Қаратөбе ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале