Облыс әкімі Алтай Көлгінов Жәнібек ауданына сапары кезінде Күйгенкөл ауылдық округінде болып, аудан ардагерлерімен, қоғамдық кеңестің мүшелерімен, аудандық мәслихаттың депутаттарымен, ауылдық округтердің әкімдерімен кездесті.
Кездесу барысында Ақоба ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Мұрат Мұхамбетқалиев пен Талов ауылдық округіндегі фельдшерлік-акушерлік пункттің жалпы практикалық дәрігері, аудандық мәслихаттың депутаты Светлана Гоман ауыз су мәселесін көтеріп, ұсыныс-тілектерін ортаға салды.
Бұл жөнінде өңір басшысы аталмыш жұмыстардың келесі жылы басталатынын жеткізді. Ал жақсыбайлықтар қазіргі таңда ауылда қалған механизаторлардың үлкен адамдар екенін, сондықтан жастарды осы мамандыққа көптеп тартуға ықпал етуін сұрады. Өз кезегінде аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бекет Әліпқалиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев аудан тұрғындарының әл-ауқаты жақсарып келе жатқанын тілге тиек етіп, облыс, аудан әкімдеріне алғыстарын білдірді.
Алтай Сейдірұлы Чапаев-Қазталов-Жәнібек автожолына күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын, бұл жұмыстардың келесі жылы да жалғасатынын атап көрсетті.
Данияр Оспан
Жәнібек ауданы