Бүгінде Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылында тұратын Бақыт бұдан отыз жыл бұрын Ресейдің Кастрома қаласындағы ауылшаруашылығы техникумын тәмамдап, өзінің туып, өскен Бисен ауылындағы Көктерек елді мекенінде мамандығы бойынша зоотехник болып қызмет істеді. Бұдан әрі отбасы жағдайымен Жәнібек ауданындағы мал бордақылау пунктінде, Жақсыбай ауылында зоотехник, кадр бөлімінің меңгерушісі жұмыстарын атқарды. Кеңес үкіметі тараған соң, жеке шаруаға шығып, қарамағындағы азын-аулақ малын бағып, өсірумен шұғылданды.
-2013 жылы елімізде қолға алынып, пайдаға асып жатқан «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының жеке адамның кәсібін ашуға қолайлы екендігін біліп, 800 мың теңге несие алдым,-дейді Бақыт Рахметова. -Несие алмас бұрын жеке шаруашылығымызда 30 шақты ірі қара бар болатын. Бүгінде мал саны 72 басқа жетті. Осыдан үш жыл бұрын алған несиемді жаба келдім. Бұл күнде ауылдағы үш адамды жұмыспен қамтып отырмын.
Өзінің айтуынша, Бақыт биыл шілде айында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына сәйкес, 4 миллион теңге несие алыпты. Сол несиені бағымындағы мал шаруашылығын дамыту үшін пайдалануда. Көршілес Бөкей Ордасынан мал саудалаған. Күні бүгін 20 баспақты мекенжайындағы қорасында бордақылауға қойған. Сол 20 баспақты төрт айға бөліп бордақылауда. Әр ай сайын 5 басын тапсырып табыс табуда. Қара бидай жеп семірген баспақтардың жоны астаудай болған. Оралдағы кәсіпкерлерден жақында 7 тонна жем алып келген. Жайырақ тағы да 23 тонна малға азығын алмақ. Жемге қойған малдың бес-алтауын қарашаның соңында Орал, Атырау қалаларына саттыққа тапсыруға ниеттеніп отыр. Биыл қолына тиген «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы несиесінің үш айлық бережағын төлеп үлгеріпті.
-Ұқыпты пайдалана білген жанға несиенің пайдасы зор. Тек қаржыны ысырапсыз жұмсау керек. Қолдағы малды баптап, күтімге алу, күнделікті қараудың арқасында былтыр су жаңа жеңіл автокөлік сатып алып, қажетімізге пайдаланудамыз. Бұл күнде мал қораны кеңейтіп салу қамындамыз. Бұл нысанға жуырда көршілес Саратов облысының Новоузенск қаласынан құрылыс материалдарын сатып аламыз,-дейді кәсібін емін-еркін игеріп кеткен жан бізбен әңгімесінде.
Н.Жапақов