Бүгін Оралда екі күнге созылған дарынды дала бұлбұлы Мұхит Мерəліұлының 175 жылдығына орай ұйымдастырылған "Сары дала сағынышы - сал Мұхит" атты республикалық дəстүрлі əншілер байқауы өз мәресіне жетті.
Марапаттау салтанаты мен Гала-концерт облыстық қазақ драма театрында өтті. Шара облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың алғы сөзімен ашылды.
Байқауға еліміздің Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе жəне Батыс Қазақстан облыстарынан барлығы 22 үміткер қатысты. Оларға Түркістан қаласынан келген ҚР халық әртісі, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, профессор, әнші-термеші Қажыбек Бекбосын бастаған өнер майталмандары қазылық етті.
Қатысушылар Мұхит Мерәліұлының, Ғарифолла Құрманғалиевтің және халық сазгерлерінің әнін орындап, сынға түсті.
Дүбірлі доданың қазылар алқасы шешімімен атыраулық Фатима Серікбаева, астаналық Зинат Қасымова, ақтөбелік Әділет Күзенбаев ІІІ-ші орын иегерлері атанса, ІІ-ші орынды Ернар Өмірәлі мен Бейбіт Қажғалиев Орал қаласынан қатысқан қос өнерпаз өзара бөлісті. Ал, І-ші орын алматылық дәстүрлі әнші Нұрым Асқановқа бұйырды. "Сары дала сағынышы - сал Мұхит" атты республикалық дəстүрлі əншілер байқауының бас жүлдесін БҚО, Ақжайық ауданының дәстүрлі әншісі Данияр Елеуов жеңіп алды.
Мұхит Мерәліұлының 175 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар ертең туған жері Қаратөбе ауданында жалғасады.
Ә.Кереев