29.08.2016, 18:05
Оқылды: 112

Қособада Ел мен ердің жеңісіне арналған айтыс өтті

  20160826_211801Қособа ауылдық округінің орталығында Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының
ұйымдастыруымен құрылған "Қадыр жолымен" атты жоба аясында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және "РИО - 2016" жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Данияр Елеусіновтың жеңісінің құрметіне орай "Ел мен ердің жеңісі" атты әдеби - сазды кеш өтті.


Күні бүгін "есер" әндердің, шоқпыт - шоқпыт шаралардың насихаты көбейді. Сәйкесінше ұлттық өнерге деген қолжетімділік жоғала бастады. Қадыр жолымен..." атты жаңағы жобаның қолға алынуының дардай себебі - осы. Бұл туралы өзінің сөзінде жоба авторы, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла айтты.

Кештің ашылуы салтанатына Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков қатысты. Әкім де елдің руханияты үшін дәстүрлі өнердің керек екендігін құптап, сөз сөйледі.

Кеште Жансая Мусина, Мұрадым Мирланов, Талғат Мықи, Айнабек Бисенгалиев, Орынбек Меңдіқұлов және Бауыржан Ширмединұлы секілді республикалық айтыс додаларының жүлдегерлері өнер көрсетті. Қособа халқы әншілер Дастан Есентеміров пен Ернар Өміралиевтің өнеріне ерекше ықыласпен қол соқты. Өнерпаздардың барлығына елдің атынан сыйақы берілді.
Айтысты Қособа халқы әуелден жақсы қабылдайды. Осы жолы да солай болды. "Айтысудың реті осы!" деп дабыралатудан ақындар да ада болды. Зерлі, зерделі айтыс жасады. Елдік мәселелер ең бір ұрымтал қырлардан айтылды. Қалжың мен қағытпаның қалтарысында қалған дымы жоқ. Бәрі де бабымен айтылды.20160826_210252

Ақындардың айтыс барысында көтерген бір мәселесі - Қособа ауылынан мешіт салу шаруасы. Бұл шаруа елге жанашыр азаматтардың басында әуелден бері пісіп жүрген шаруатұғын. Ақындардың сөзі олармен логикалық үндестікке келе қалды.
Айтыс бітті. Біткені сол, Қособа мешіт салуға кірісетін болып кеңесті. Елден қаржы жинауға жауапты адамдар белгіленді. Жергілікті билік бастамаға қолда бар қолдауды береміз деп отыр.

Жұрт болып жұмылып, ауылға керек нысанды өз күшімен тұрғызу тәжірибесі Сырым ауданында әуелден бар. Осы жазда Көгеріс және Көздіғара елді мекендерінің тұрғындары өз күштерімен жергілікті клубтың құрылысын бастады.

Б. Шерім
www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале