«Нұр Отан» партиясы Бөкей ордасы аудандық филиалының ұйымдастыруымен орталық кітапханада «Ұрпақ болашағы – Мәңгілік Еліміз Тәуелсіз Қазақстан» атты дөңгелек үстел оздырылды. Оған ауданның Құрметті азаматы Чарльз Қойшыбаев, Ленин орденінің иегері Зейнеп Әбдірахманова, қоғамдық ұйым өкілдері және жастар қатысты.
Дөңгелек үстелде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков халықтар бірлігі мен ынтымағы бүгінгі білімді жастар қолында екеніне тоқтала келіп, жалпы, елдік мәселеге атүсті қарамауға шақырды. Ал, сайқындық зейнеткер Чарльз Қойшыбаев тіл мәселесінің бүгінгі қоғамда бәсең естілетінін, кейбір өрендеріміздің теріс ағым жетегінде кетіп, жантүршігерлік әрекеттердің орын алуына себепші болып отырғанын, бұл кеселмен көп болып күресу керектігін тілге тиек етті. Аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Айнагүл Батырханова балғын кітапқұмарларға «Мәңгілік ел» бағдарламасын қалай ұғынықты түсіндіру жайын ортаға салса, аудандық педагогикалық-психологиялық түзеу кабинетінің қызметкері Эльвира Қайсағали мемлекеттік бағдарламалардың алар орны мен замандастарының қоғамдағы рөлі турасында ой өрбітті.
Г.ҚАДЫРОВА
Бөкей ордасы ауданы