20 желтоқсан күні аудан әкімінің орынбасары А.Сафималиевтің төрағалығымен кәмелетке толмаған жөсөспірімдер мен аудандағы мал ұрлығы мәселелеріне қатысты кеңес отырысы өтіп, оған аудан прокурорының көмекшісі Қ.Ғайсин мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жиында кәмелетке толмағандар жөніндегі полиция инспекторы Д.Ниталиев баяндама жасады. Оның айтуынша 11 айдың ішінде ауданда кәмелетке толмағандар арасында ұялы телефон ұрлау фактісі бойынша бір қылмыс тіркелген. Ата-аналардың балаларына немқұрайлы қарағандарының кесірінен осындай келеңсіздіктер орын алып отырғандығын ашық айтты. Және балаларын қараусыз қалдырған қолайсыз ата-аналар жауапқа тартылатынын жеткізді. Ауданда бүгінгі күнге дейін жасөспірімдер арасында суицид болмаған.
Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында ұрлық жасау белең алып отыр дейді құқық қорғау мамандары. Бөтеннің мүлкін ұрлауға итермелейтін жағдайлар мен себептерді жою бойынша бірлескен профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Сондай-ақ жасөспірімдер арасында қылмыстық оқиғалардың алдын-алу мақсатында мектеп оқушыларымен кездесулер, дөңгелек үстелдер жиі өткізіліп тұрады.
Кеңесте мал ұрлау фактісінің жиелеп кеткендігі жөнінде де сөз болды. Төрт түлік арқылы түтінін түзу шығарып отырған ағайын үшін бұл үлкен мәселе. Аталмыш мәселенің жиелеп кетуіне бірден-бір себеп, малдарын далаға жіберіп қойып, қарамағандығынан туындап отыр дейді ауылдық округ әкімдері. Мәселен,Мерей ауылдық округінде 5 ірі қара мен 1 жылқы қолды болса, Оянда 2 ірі қар, Тасқала ауылында 3 қой, 7 ешкі, 3 лақ ал, Атамекен ауылында 3 ірі қара, 6 жылқы, Мереке ауылдық округінде 1 ірі қара мал ұрланғандығы баса айтылды.
Жиын барысында ұрлықтың алдын-алу және оны ескерту бойынша тақырыптық бейнероликтерді көрсету, мүлік тонағаны үшін іздеуде жүрген адамдардың суреттерін бағдарлау, пәтер, гараж, дүкен, қоймалардың меншік иелеріне жадынамалар шығару мәселесі бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Дүйсенованың баяндамасы тыңдалды.
Е.Елекенов
Тасқала ауданы