Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов бірқатар әріптестерімен бірге жұмыс сапарымен Сырым ауданында болды. Өңір басшысының орынбасары аудандық Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті.
Тұрғындармен кездесуге Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының бөлім басшысы Алмас Оңаев, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Хангереев, облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серік Нұрмағанбетов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржамал Жұмағұлова және облыстық дін істері басқармасының қызметкері Саялбек Ғиззатов қатысты. Әркім өзінің саласы жөнінде шағын хабарлама жасады.
Сырым ауданы ауылшаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаларды қолданысқа енгізу жағына келгенде, Батыс Қазақстан облысы бойынша алдыңғы орында тұр. Әсіресе, ірі қараның басын асылдандыру мен көбейтуге тиімді «Сыбаға» бағдарламасы біздің ауданда 200 пайызға орындалған.
Кейінгі жылы мемлекет отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің ықпал ету шарасы ретінде пилоттық кезеңде «Өрлеу» жобасын бастады. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Самат Хангереев бұл туралы кеңірек айтып өтті. Жергілікті полиция қызметінің басшысы Сырым ауданы көлемінде мал ұрлығы фактілері артқанын айтты. Айтып қоймай, оны болдырмаудың жолдарын ұсынды.
Дін істері басқармасының бөлім басшысы Саялбек Ғиззатов өзінің сөзінде экономикалық жетістіктің бір кепілі – елдегі тыныштық деп атады.
Батыс Қазақстан өңірінде 9 конфессияға жататын 75 діни бірлестік жұмыс жасайды. Бұлардың дені – ислами бірлестіктер. Мұсылман елі болғандықтан, Қазақстан Республикасы көлемінде ислами діни бірлестіктердің саны басқалардан, әлбетте, артық. Діни экстремизм мен терроризмнің қатері де соңғы жылдары осы бағытты төңіректеп жүр. Дін маманы Саялбек Ғиззатов бұл радикалды дерттен сақтанудың бірнеше жолын айтты.
Оның бірі – отбасы тәрбиесіне көңіл бөлу. Маңыздысы да осы. Діни сауатсыздықпен күрес жүргізуде дұрыс амалды таңдауға да біздіңше осы әсер ететін сықылды. Діни сауат іздегендердің бірінші түсетін қақпаны – ғаламтор. Бұл ойды жергілікті жұрт та құптады. Қоғам үшін ұрпақтар арасындағы түсінік алшақтығын жуықтату да әбден тиімді болады.
Жаңағы мәселелерді шешудің ең бір тиімді тетіктері Сырым ауданында бар. Білімді имам бар. Жергілікті кадрлар даярланып жатыр. Қазір Сырым ауданының 5 түлегі «Нұр Мүбарак» университетінде, 4 түлек Орал медресесінде білім алып жатыр. Аудандағы үкіметтік емес ұйымдар діни экстремизм мен терроризмнің қатерінің алдын алу мен одан келген қатерді жою шаруасында да белсенді болып отыр. Дегенмен мәселелер әлі бар. Оның осылай екенін Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов та құптады.
«Алданған жастар!» Кездесуде көрсетілген фильм осылай аталады. Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасының тапсырысымен даярланған фильм нақты оқиғалардың желісіне құрылған. Орал қаласындағы студент жастар лаңкестік пиғылы бар жамағаттың ықпалына ілініп қалады. Кейін олардың істеріне қалай араласып кеткенін өздері де байқамай қалады. Істің соңы – темір тор. Олар өздерінің жасағандарына өкінеді. Тордың арғы жағында отырып, жанарлары жәудіреп, замандастарын шалыс баспауға, ата-ананы қадірлеуге шақырады.
Кездесудің қорытынды сөзін аудан әкімі Абат Шыныбеков сөйледі. Кейін жеке қабылдаулар жүргізілді.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ
Сырым ауданы