Оралдан қозыкөш жерде орналасқан Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылдық округіне қарасты Жайық ауылының тұрғындары тағы да үлкен қуанышқа кенелді. Былтыр мұнда 108 орындық мектеп ашылса, бұл жолы жаңа медпункт пайдалануға берілді.
- Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алғынған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде облысымызда 2023-2025 жылдар аралығында осындай 50 нысан салынып, ел игілігіне беріліп жатыр. Ауыл мен қаладағы емдеу қызметі сапасын теңестіру мақсатында қолға алынған ізгі істің жемісін бәйтеректіктер де көруде. Кеше ғана осы ауданға қарасты Садовыйда дәл осындай нысан есігін айқара ашса, енді Красноармейск, Новенький, Өркен ауылдарының тұрғындары да осындай қуанышқа кенелмекші, - деді өз құттықтау сөзінде облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Ашылу салтанатында мердігер компания өкілі медпунктің фельдшері Наталья Бакайға жаңа нысанның символық кілтін табыс етті.
Бәйтерек аудандық №2 ауруханасының директоры Ербол Сәрсенғалиевтің сөзіне қарағанда, құны 136,2 млн теңге болатын бұл емдеу орнында 504 адам тіркелген. Бұрынғы медпункт ауылдағы дүкен жанында орналасқандықта тиісті талаптарға сай емес және көлемі жағынан да шағын болатын. Жаңа медпункттың әлеуеті зор. Мұнда магниттік-резонасты құрылғылар, электрокардиограф, дефибриллятор сықылды жүрек-қантамырлары ауруларын анықтауға, емдеуге арналған түрлі құрал-жабдықтар, жаңа компьютерлер бар. Медпункттің ішінде дәріхана да болады. Тұрғындар дәрі-дәрмек іздеп қалаға сабылмақ емес.
- Бұрынғы медпукнтіміз өте тар, ыңғайсыз еді. Онда күндіз жатып ем алуға еш мүмкіндік жоқ болатын. Заман талабына сай салынып, жабдықталған мына емдеу орын көріп қуанып тұрмыз. Әсіресе біз секілді, есепте тұрған, дәрігердерге жиі келетін адамдар үшін бұл өте жақсы болды. Сол үшін Президентімізге, үкіметке, облыс, аудан, денсаулық саласы басшыларына айтар алғысымыз зор,- дейді Жайық ауылының тұрғыны Зайнолла Сүлейменов.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы