29.01.2026, 17:30
Оқылды: 4

10 баласы бардың орда бұзар қолы бар...

«Балалы үй – базар» деп жатамыз. Кез келген отбасының сәні мен мәні – балада. Және «Адам өміріндегі ең үлкен қуаныш – бала сүю» деп даңқты қолбасшы,  Бауыржан Момышұлы айтқандай, балалы болу – бақыт, ал көпбалалы болу – одан да үлкен бақыт секілді.

10 БАААЛА
Иә, әйел – баласымен әдемі, перзентімен ажарлы. Екеу боп қол ұстасқан әрбір жұп, бақытты бірге кешіп, бірге ұрпақ тәрбиелеп, көпке үлгі бола алып жатса, ол дегенің қоғам үшін де үлкен жетістік.

Осындай көпбалалы отбасылардың бірі Бөрлі ауданында тұрады. Ерлі-зайыпты Рүстем Алманов  пен Әйгерім Карменова екеуі өмірге 1 ұл, 9 қыз әкеліп, 10 бала тәрбиелеп отырған жастар. Жас деп отырғанымыз екеуі де орда бұзар жастан енді асқан жандар.

Үйелмелі-сүйелмелі балаларының алды колледжде оқиды. Яғни, тұңғыштары Даяна Орал гуманитарлық колледжінде білім алуда.

Бір қызығы Рүстем мен Әйгерімнің отбасында егіздер де, үшемдер де жоқ

- Балаларымыздың жас аралықтары жақын. Үлкен қызымыздың есімі Даяна, (жоғарыда айтылды) 2010 жылы туылған. Әкесінің ізбасары Аян – 13 жаста, онан кейінгі қыздарымыз Майя – 12 жас, Ақерке- 9 жас, Жанерке – 8 жас, Алуа 6-да, Адина – 5- те, Айлин – 3 жас, Амира – 2 жаста болса, ал осы жаңа жылда Алланың қалауымен Милана атты оныншы қызымыз өмірге келді", - дейді алтын алқалы жас ана.

Отағасы Рүстем негізінен отбасында соңынан ерген 2 қарындасы бар, жалғыз ер бала.

- Шыны керек ер жетіп, есейген кезден бастап, көп балалы әке болсам деп армандадым. Армандар орындалады екен (күліп). Қазір Аллаға шүкір көп балалы әке, көп балалы отбасымыз. Жолдасым екеуміз барынша тәрбие беріп, өсіріп жатырмыз. Әр бала өз несібесімен дейді ғой, ел қатарлы ғұмыр кешудеміз. Өзім осы Ақсайдағы «АқсайГазСервис» АҚ-да оператор болып, мамандығымен жұмыс жасаймын. Әйгерім бала күтімімен үй шаруасында.

10 ббала ана

Жолдасым осы жаңа жылдың қарсаңында жұмыс орнынан «Лайықты еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды,- деп Әйгерім сөз арасында азаматын бір көтеріп қойды. Демалыс, мереке күндері ата-анамды, яғни балаларымның ата-әжесіне барып, бір шулатып кетеміз. Ол кісілер де ауыздарынан шүкіршіліктері түспей, дән риза», - деді сөзін жалғап көп балалы әке.

Жаратқан қалап, жалғыздан тарап, балаларымен базарлы үй болып отырған баласын көріп, қай ата-ана қуанбайды, иә мұндайда?...

Көп балалы болудан қашпауға шақырады

Бес бала болса да, он бала болса да, қайнататының бір қазан. Ауылда тұрғандар ғана көбіне босанады ғой» деп жатады кейюіреулер. Мен оған келіспес едім. Қалада тұрғандар балалы болмау керек пе сонда. Рас біздер осыған дейін Қарағанды ауылында тұрдық. Үйіміз де айтарлықтай кең емес еді. Аядай үй болса да, кең сарайдай күн кештік. Мейлі қалада ма, ауылда ма, әрекет етсең неше бала болсын асырауға болады. Әрине, барлығы әлеуметтік жағдайға кеп тіреледі. Егер мемлекет тарапынан жас отбасыларға қолдау көрсетіп, жағдай жасаса, әсіресе баспана жағынан қолдау болса, онда көп балалы отбасылар көбейер еді.

Он баланың анасы тұрмыстық қиындықтардан қорықпау керектігін, көп бала бір-біріне қарайласып тез өсетінін айтады.

- Балаларымыз бауырмал. 1 түйір алма болып қалса мысалы, бір-бірін күтіп бөлісіп, немесе үлкендері жемей, кішілеріне жеткізіп, үлкендері өзімізге қолқанат болып, болысады. Үйге келген қонақтар: «Рүстемнің 9 баласының бір дыбысы шықпады, шулап отырған біздер» деп әзілдеп жатады. Оныншымыз қосылып жатыр, сол келіп қағиданы өзгертіп жүрмесе (күлді), әзірге осындаймыз,- дейді Әйгерім.

«Харекет» пен жомарт жандар қайырымдылық танытты

- Біздер осыған дейін ауданға қарасты Қарағанды ауылында тұрдық дедім ғой. Балаларымыздың бұйырмыс несібесі шығар, күтпеген жерден «Харект» қайырымдылық қоры Ақсай қаласынан үй алып берді. Баспанамыз жоқ емес, аядай 2 бөлме болса да үйіміз болды. 2025 жылды әне-міне қарсы аламыз деп, жыл соңындағы қарбаластың бір күнінде телефоныма қоңырау түсті. Бір жомарт жан: «Көп балалы отбасы екенсіздер.Сіздерді Орал қаласындағы «Атамекен» өнер орталығындағы концертті тамашалауға шақырамыз. Қалаға ертерек келіп, балаларды да ойын орталықтарына ойнатуға мүмкіндік жасағымыз келіп тұр» деді. Отағасымен ақылдасып, облыс орталығына бардық. Бәрі өздері телефонда айтқандай. Балалар да мәз. Бір мезетте концерт те басталды. Басталмас бұрын «лоторея» деп билеттер берген. Бір мезетте менің билетім де ұтыстың қатарында болып, сахнаға шықтым. Айфон ұтысы болатын. Маған 1 айфон бұйырып, оның ішін ашқанда үйдің кілті шығып, ой, бір керемет тосын сый болған еді. Одан әрі сол жерде басқа да жомарт жандар ат мінгізіп, ақшалай да қаражат ұсынып, Орал гуманитарлық колледжі грант беріп (Қазір қыздары оқиды), «Қадам», «Абырой» мектептері тегін оқытуға шақыру берді. Тағы бір кәсіпкер өз мейрамханасына үлкен бір тойымыз болып жатса, тегін өткізіп беретіндіктерін айтты. Осылайша біз аудан орталығынан үлкен үйлі болып шықты»,- деді сол кезгі қуанышын әлі де жасыра алмай.

ХАРЕКТ

10 балалы жас ана өзін бақытты ана, аяулы жар, ата-енеден қолдау тапқан келін санайды.

- Мен еш уақытта 18 жасымнан ерте тұрмысқа шыққаныма, үйде баламен отырғаныма еш өкінген емеспін. Маған бақытты көп балалы батыр ана болумен бұйыртқан болар деп ойлаймын. Бар бақытымыз да, байлығымыз да, отбасылық жетістігіміз де осы балаларымыз. Ата-ана алдымен ата-аналық парызды, міндетті түсінгені абзал. Әр баланы дүниеге әкелген соң ең бірінші денсаулығына, білім алуына назар аударып, иманды, ізетті, адал, еңбекқор етіп тәрбиелеуге тиіспіз", - дейді көп балалы ата-ана Рүстем мен Әйгерім.

Сәнім Меңдібай

Бөрлі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале