18.11.2022, 15:45
Оқылды: 43

10 жыл бойы кітап аударумен айналысқан

15 қараша күні Бәйтерек ауданы Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатында орыс тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің ұйымдастыруымен аудармашы әрі біздің ауылдасымыз Өркен Өтебалиевпен кездесу өтті. Оған 11-сынып оқушылары қатысты.

WhatsApp Image 2022-11-18 at 15.31.23 (1)

 

Өркен Ғаділшеұлы - машина құрылысында революция жасап, жеке автомобиль ойлап тапқан ағылшындық өнертапқыш Генри Фордтың үш кітабының үшеуін де аударған әлемдегі алғашқы әрі жалғыз жазушы. Оқушылар үшін осындай бірегей аудармашымен жүздесу, сұхбаттасу, оның хикаясын тыңдау өте қызық болды.

 

Өркен ағамыз бұл кітаппен студенттік шағында танысқан екен. Ол кітапты таныстарына, дос-жарандарына беріп, қолдан-қолға өтіп жүргенде кітабын жоғалтып алады. 90-жылдары кітаптың шала-шарпы техникалық аударылған нұсқасы қолына түседі. Ол неге түпнұсқасын оқып көрмеске деп ойлап, Мәскеудегі мемлекеттік кітапханаға барып көшірмесін жазып алады. Осылайша, интерактивті сөздіктің көмегімен өз аудармасын жасайды. 10 жыл бойы әр сөзіне дейін аударып, мазмұны мен мәнін жоғалтпай, қазіргі заманның оқырмандарына сай жаңаша лексикада аудару асқан жауапкерішілікті, темірдей төзім мен табандылықты талап етеді. Оның халыққа пайдамды тигізсем деген көкейіндегі таза ниеті, ізгі тілегі, бар жанын салып атқарған адал еңбегі ақталып келеді.

WhatsApp Image 2022-11-18 at 15.31.23 (2)

 

Өркен Өтебалиевтың ұсынысымен бірінші болып кітап мәскеулік басылымда жеке-жеке кітаптар ретінде жарық көрді. Алғашқы бірінші және екінші томдар 2 000 дана, ал үшінші том 3 000 данадан басылып шықты. Мәскеу жамағаты бүгінде кітапты сүйсіне оқуда. Алдағы уақытта кітапты тағы да басып шығару ойда бар.

- Фордтың кітапта жазғандарын ешбір мектеп, ешбір университет, оқу орындары айтпайды. Сондықтан оны көпшілік, тіпті ғалымдар да білмейді екен. Менің бұл жинақты «Евангелие от Форда» деуімнің өзіндік мәні бар. Евангелия деп отырғанымыз Інжілдің құрамына кіретін кітаптың бірі. Бұл кітаптар тек өндіріс жөнінде ғана емес: әлеуметтану, білім, медицина және тағы да басқа қоғамдық салалар жайлы. Кітап жаңадан бизнес бастаушыларға жолбағдар бола алады, - деп аталмыш кітапқа өз бағасын берді.

Айта кетерлік жайт, аудармашының әкесі Ғаділше Өтебәлі «Жемқор хандықтың құрбаны», «А.С.Пушкин туралы: «Пугачев тарихын» оқығанда; Өткен жылдардың тарихы» атты кітаптардың авторы екен. Алма ағашынан алыс түспейді дегендей баласы да әке жолын қуып өмірін кітаппен байланыстырыпты.

- Менің Дейл Карнеги, Наполеон Хилл, Дональд Трамп немесе басқа да жазушыларды таңдамаған себебім - олар Генри Форд сияқты ақшаның адам өміріндегі нағыз орнын атап көрсетпегенінде. Форд - шынайы байлықты ақшаға сатып алуға болмайтынын айтқан алғашқы жазушы. Шынайы бақыттың құны ешқашан да ақшамен өлшеуге келмейді. Алайда теріс түсініктің кесірінен нағыз байлық ақшаға тәуелді болып қалды. Нәтижесі парадоксқа апарып соқты, - деп неліктен өзге жазушылардың философиясынан гөрі Генри Фордтың ойларын, өмірлік көзқарастарын жақын тұтқанын түсіндірді.

Кездесу барысында оқушылар өздерін қызықтыратын түрлі сұрақтар қойып, мамандық таңдауға байланысты қонақтың пікірін тыңдады. Біздің кейіпкеріміз кішкентайынан жылқыға жақын болып өскен екен. 6-сынып оқып жүріп-ақ болашақ оқу орнын таңдап, мектеп бітіргенше сол академияның барлық оқулықтарын тәмамдапты. Солайша К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетіне оқуға түседі. Алайда ол өз мамандығы бойынша қазіргі таңда жұмыс жасамайды. Өркен ағамыз бұл сауалға Абай атамыз сияқты «қағаз бен қара сияны ермек қылып, кімде-кім керекті сөз тапса жазып алсын, я оқысын» деген ұстанымда екенін білдірді.

- Өздеріңіз қалаған мамандыққа түсе алмай қалсаңыздар, өкінбеңіздер. Бұл тіпті жақсы болуы мүмкін. Мен төртінші курс оқып жүріп бұл мамандықты қаламайтынымды түсіндім, - деп өз өміріндегі бір оқиғамен бөлісті Өркен Өтебалиев.

Кездесу соңында мектеп Парламенті атынан аудармашыға «Абайдың қара сөздері» кітабы табысталып, оқушылар алғыстарын білдірді. Бұл кездесу әр түлектің көкейіне сенімділік ұялатып, рухани серпін бергеніне сенімдімін. Біз дәл осындай талантты, қарапайым, ақкөңіл ауылдасымыз барын мақтан тұтамыз!

Мәдина Ибрагим, 

Дариян ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале