27.03.2022, 0:20
Оқылды: 10

104 адам қаржылық қолдауға ие болған

Кешегі жұмада Сырым ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Сырым ауданы мәслихатының кезекті XV сессиясы өтті. Сессия жұмысын аудандық мәслихаттың хатшысы Шынар Дүйсенғалиева жүргізді. 

IMG-20220326-WA0056

Депутаттар бірқатар мәселелерді күн тәртібіне шығарды. Оның бірі – нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының ауданда орындалу жайы.

Баяндамашы, Сырым аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Саламат Иманғалиевтің айтуынша, «Еңбек» бағдарламасының 3 бағыты бойынша 2021 жылы 1976 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Әсіресе, «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бағыты бойынша ілгерілеу көзге көрініп тұр. Қысқа мерзімді курсқа жолданған 16 адам толықтай жұмыспен қамтылған. Бұдан бөлек, аудандық білім беру бөлімі арқылы 30 адам Сырым колледжіне «Дәнекерлеуші» мамандығы бойынша ұзақ мерзімді оқуға жіберілген.

«Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағытының да аяқалысы жаман емес. «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 104 адам кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, өз істерін бастау үшін шағын несие мен қайтарымсыз гранттар алған. Несие-грант алу бір шаруа, ал кәсіп бастау – бөлек әңгіме. Сырым ауданында қаражат алғандар мен кәсіп бастағандардың саны үйлесе ме? Оны алдағы уақытта анықтаймыз.

IMG-20220326-WA0048

Жарыссөзде аудандық мәслихат депутаты Айдынғали Балғалиев шаруашылықтармен жұмысты ширату, халықтың микроқаржылық ұйымдармен тікелей жұмысын ұйымдастыру, арадағы бір-бірінің жұмысын «қайталаушы» мекемелерді азайту мәселесін көтерді. Шынар Дүйсенғалиева Алғабас, Аралтөбе, Талдыбұлақ ауылдық округтерінің бағдарламаға қатысуды белсенділік танытпай отырғанын атап өтті.

Сессияда аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді.

Жиынды Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов қорытындылады.

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале