1917 жылы 5 – 12 желтоқсан күндері Орынборда ІІ жалпықазақ сиезі өтті. Қазақтың саяси лидерлері, оқығандары мінбеге көтерілген. 300-ге тарта делегат қатысқан ұлы жиында Алаш автономиясы жарияланды. Үкіметтің жұмысы 1918 басталды десек, биыл Алаш Орданың 105 жылдығы деп есептеуге негіз бар.
Біз жоғарыдағы тарихи күнді неге ұмыттық? Тәуелсіздік тойының дүбірі Алаш үкіметі туған күннен басталса жарасымды емес пе? Тарихшы, Бұлан орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Серік Зиятовпен болған сұхбатты осы сауалмен бастадық.
- 1917 жылы Ресейде монархиялық режим күйреген соң, 28-дей мемлекеттік құрылым өмірге келген екен. Солардың ішінен ең көп, 2, 3 жыл өмір сүргені- Алаш Орда автономиясы ғана.
1917 жылы 5-13 желтоқсан күндері Орынборда өткен екінші Жалпықазақ съезінде Алаш Орда үкіметі құрылды. Нақтысын айтсақ, Әлімхан Ермековтің «Сарыарқа» газетінде жазған мақаласына қарағанда, 12 желтоқсан күні Алаш Орда үкіметі иғлан етілген. Үкімет төрағасына үш азамат: Әлихан Бөкейхан, Бақтыгерей Құлманов және Айдархан Тұрлыбаевтың кандидатурасы ұсынылған. Әлихан Бөкейхан сайлаушылардың жартысының қолдауына ие болып, басым дауысын алып, демократтялық негізде Алаш Орда үкіметінің төрағасы болып сайланған.
Бірде бір тарихшы әріптесім Алаш Орда үкіметі төрағасының тек съез делегаттары арқылы таңдалғанын айтып, демократиялық жолмен сайланғанына күмән келтірді. Сырт қарағанда, солай да болып көрінеді. Бірақ мүлде басқаша.
Әлихан Бөкейханды сайлағандар көптің бірі емес, халық арасынан съезге сенім артып жіберген әр өңірдің таңдаулы, саналы азаматтары. Бұлар сол съезде өз атынан емес, өздерін жіберген халықтың атынан өкілдік етті. Егер съез делегаттарын халық сайлаған парламент деп алсақ, Әлихан Бөкейхан парламент депутаттары таңдаған премьер-министр болып шығады. Бұдан біз 1917 жылы 12 желтоқсанда құрылған Алаш Орда үкіметінің парламенттік республиканың үлгісіне жақын болғанын көреміз.
Бұдан былайғы жылдары 12 желтоқсанның еліміздің ұлттық мерекесі болғанын қалаймын. Биылға дейін 1 желтоқсанды да елеп келдік қой. Бұл соның орнын басатын шынайы мереке болар еді.
Алаш Орда үкіметінің жұмысы мен оның мүшелерінің қайраткерлігін құнттау ісі жаңа деңгейге көтерілгені рас. Мәселен, «Qazaqstan» ұлттық арнасы Ахмет Байтұрсынов туралы «Ахмет. Ұлт ұстазы», Мағжан жайлы «Мағжан. Мен жастарға сенемін!» атты кинотоптамаларын көрермен назарына ұсынып үлгерді. Ал Міржақып Дулатовтың шығармашылығы мен саяси қызметін суреттейтін «Міржақып. Оян қазақ!» фильмі арнаның эфирінен бөлек, кинотеатрларда көрсетілді. Кассалық түсімі де қомақты. Бұған дейін «Тар кезең» сериалын да көрдік. Неге Алаш тақырыбындағы кинотуындыларда Жаһанша мен Халелдің бейнесі жоқ? Жалпы, киноларда тарихи із сақталған ба әлде көркемдік басым ба?
- Кино қоғамдық пікірге ерекше әсер ететін өнердің түрі ғой. Әсіресе, кітапты көп оқи қоймайтын жастарды тарихпен, тарихи тұлғалардың тағлымымен тәрбиелеуге киноның көмегі зор.
«Тар кезең» сериалының көпшілік аса сараптап, бағасын бере алған жоқ деп есептеймін. «Ахмет.Ұлт ұстазы» фильміне келсек, бұған көпшіліктің ықыласы ерекше болды. Алаш қозғалысының тарихынан, Ахмет атамыздың өмірінен хабардар болғандықтан, картинаны кей жерлерінде көзіме жас үйірілген кездер де болды.
Бұл фильмнің мазмұны мен формасы өзіме ұнады. Киноның желісі ұлт ұстазы туралы болғанмен, Алаш қайраткерлерінің атқарған істерінің елеулілерін фильмге шеберлікпен сіңіріп жіберген.
Соның бірі - 1922 жылы аштықтан қырылып жатқан халыққа Алаш азаматтарының елден жылу жинауы. Кейін сол Жүсіпбек, Міржақыптардың өз басына бәле болып жабысып, малды өздері жеп қойды деген жалаға қалған ғой. Біз мұны тарихтан «Торғай ісі» деген атпен білеміз.
Соттағы сөзінде Жүсіпбек атамыз: «Аштықтан көзі қарауытып, басы айналып құлағалы тұрған аштардан қолхат алуға адамшылық арым жібермеді» деген екен. Түрмеде бірер жыл отырған Жүсіпбек сөйтіп ақталған. Ал сотталған басқа азаматтарды Қазақ АКСР-і ОАК-нің төрағасы Жалау Мыңбаев амнистия жариялап, құтқарып қалған.
Фильмде сол оқиға бар. Мұны Ахаңның аузынан Қаппасқа айтылған мынадай сөзбен жеткізген.
«Аштан өлейін деп жатқан халықтың несібесіне қол салғанша, анамның шуын жегенім жақсы» деген сөзді Міржақыпқа айтқызған сіздер емессіздер ме?!..
Енді кешегі пандемия кезінде халыққа тиесілі дәріні жымқырғандар болды. Алаш арыстары халықтың несібесіне қол сұғудан асқан сорақылық жоқ деп санады. Ал мұндай ой бүгінгі жемқор шенеуніктердің үш ұйықтаса да миына кірмейтін шығар.
Міржақып атамыз туралы картина алдынғыларға қарағанда да ұнай түсті. Бұл фильмге көпшіліктің де ықыласы ерекше болғанын байқадық.
Фильмдегі көркемдік шындық тарихи шындықпен толық үйлеспейтін жерлері де бар. Кино көркемөнер болғандықтан, бұған таң қалуға да болмайды. Дегенмен Ахмет атамыз туралы фильмде қызметі ауысып республикадан кетіп қалған Станислав Пестковскийдің орнына дәл сол кездегі басшыны алмағаны түсініксіз. Сталинмен сөйлескен Әлихан Бөкейханның орынбасары Халел Ғаббасов болса да, соның орнына Ғазымбек Бірімжановті көреміз. Нұрила Қараманова деген өмірде болмаған адам.
Содан кейін Ғаббас Тоғжановты тым жағымсыз етіп көрсетіпті. Ақиқатына келсек, Алаш қайраткерлері туралы «сайраған» Әбдірахман Бәйділдинді неге алмағаны белгісіз. М.Тұнғаншиннің де аштан өлгенін көреміз. Фильмнің авторлары сол арқылы Алаш қайраткерлері үстінен патша жандармериясына сөз тасыған Тұнғаншиннің өмірінің аянышты аяқталғанын жеткізкісі келген шығар. Алайда бүйтіп те ақиқатты бұрмалай берген жөн болмас.
Міржақып атамыздың Әлібек деген ер баласы болғанын Г.Дулатова апайдың естелігінен жақсы білеміз. Ал кинода Абылай деген баласы жастай өліп, өз қолымен көмеді. М.Дулатов Ақ теңіз жағасында лагерьде опат болғаны белгілі. Фильмде түрмеде атылады.
Мағжан Жұмабаев туралы фильмге аса көңілім толмады. Картинада Мағжанның қайраткерлік қыры аса ашылмағандай көрінді. Жаһанша Досмұхамдов пен Халел Досмұхамедов аталарымыз туралы да фильмдер түсірілуі керек және болашақта солай болады деп ойлаймын.
Бұл тұлғалар туралы фильм түсірер болса, соған жеткілікті материал табылар еді.
Мәселен...
Мәселен, Қабылбек деген имам мұсылман діндарларының соғыс кезінде Сталиннен куфа жазулы Құранды сұрап алғанын айтты. Имамның айтуынша, соғыстың немістер тықсырып келе жатқан қиын кезінде Сталин түрлі сенімнің басшыларын жинап, кімнің жеңетінін сұрапты. Сонда ешбір дін өкілдері ештеме дей алмағанда, мұсылман дінбасылары жеңістің КСРО жағында болатынын айтыпты. Соған риза болған Сталин не қалайтынын сұрағанда, куфа жазулы қасиетті кітапты қалап алған-мыс.
Шындығында, сол Құранды Ж.Досмұхамедов өзі атқару комитетінің төрағасының орынбасары, Бүкілресейлік мұсылмандар комитеті атынан өтініш айтып ХКК төрағасы Лениннен сұрап алған ғой. Міне, сондай эпизодтар фильмге кірсе, жоғарыдағыдай алып қашпа әңгімелер болмас еді. Бұған қоса, Жаһанша мен Халел аталарымыздың атқарған істерін, қайраткерлік қырын жас буын тани түсер еді.
Алаштану курстары Алашты тануға көмектесе ме? Жалпы курс оқу бағдарламасына енгізілді ме?
- Бірер жыл бұрын еліміздің медреселерінде Алаштану курсы енгізілгенін естідік. Ал мектептерде арнайы бағдарламасы келіп, 2012 жылдың қыркүйегінен бастап жүретін болып еді. Бірақ оқулығы дайын болмағандықтан, әр мұғалім өзінше оқытады деп басталмай жатып, тоқтады.
Тап сол жылы күзде Оралда Ж.Досмұхамедовтің 125 жылдығына арналған конференцияда Семейден келген тарих ғылымының кандидаты Ерлан Сайлаубай ішінде жерлесіміз Дәметкен Сүлейменова да бар, алаштанушы ғалымдар болып, алаштанудың оқулығын жазғалы жатқанын айтып еді. Сол әңгіме сөз күйінде қалды.
Енді бүгінгі күні еліміздің мектептерінде Алаш қозғалысы мен Алаштанудан факультативтік курс жүргізіп жатқан әріптестерміз бар. Бірақ сол курстардың мазмұны жүйесіздеу болғандықтан, өзімнің аса көңілім толмайды.
Тағы бір мәселе бар. Айтайын дегенім, біздің тарихшы мұғалімдердің өзінің Алаш қозғалысы, Алаш қайраткерлері туралы теориялық білімі жақсы емес. Егер оқулығы жазылса, Алаштанудан факультативтік курс жүргізіп жүрген әріптестерімізге көп көмегі болар еді.
Кейінгі жылдары оқушылардың жүктемесі азайту-өзекті мәселеге айналды. Сондықтан өз басым мектепке түрлі сабақтардың ене бергенін құптамаймын. Дегенмен де оқулығы мазмұнды етіп дайындалса, Алаштану курсын мектеп оқушыларына оқытқаннан ұтылмаймыз деп ойлаймын.
Жымпиты өңіріндегі тарихи танымдық жұмыстар, Алаштану ісіне жаңа тыныс қажет секілді. Сіз қалай ойлайсыз?
- Күнбатыс Алаш Орданың бесігі болған Сырым ауданында бүгінге дейін сөз етіп отырған тақырыпта біраз конференция өтті. Алайда соның көбінде Күнбатыс Алашордамен байланысты баяндамалар аз болып, кейде болмай жүр. Сондықтан алдағы уақытта Күнбатыс Алаш Орданың тарихына қатысты деректерді іздестіріп, ғылыми айналымға қоса беру керек деп ойлаймын. Ал мұны мұрағат ақтарып жүрген ғалымдар мен зерттеушілер болмаса, біз сияқты мектептің тарихшылары жүзеге асыра алмасы белгілі. Дегенмен де мектеп мұғалімдері де өз шамасына қарай ізденгенін дұрыс көремін. Мысалы, басында Жаһанша, Халелдермен бірге болып, Қаратөбедегі съезден кейін келіспей қалған Ғұбайдолла Әлібекұлын алайық. Ғұбайдолла атамыз Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына делегат болып сайланған. Қазақ АКСР-нің тұңғыш әділет комиссары болғанын да білеміз. Ғұбайдолла Әлібекұлы сол қызметті бір жылдай ғана атқарып, денсаулығына байланысты елге келген. Сөйтіп Жымпитыда қызмет атқарған. Міне, сол Ғұбайдолла Әлібекұлы өмірден өткенде, газетке мұнақиб-некролог шыққан болар. Соны тапсақ, қайда жерленгенін де білуге болатын сияқты. Егер жатқан жерін тапсақ, қазақ елінің тұңғыш әділет министрінің басын қарайтқан дұрыс болар еді. Енді мұны мектеп тарихшысы да ізденіп, істей алмай ма.
Жымпитыда Әлібеков деген көше Ғалиасқар Әлібекұлының атында ма, Ғұбайдолла Әлібекұлының атында ма? Біз мұны да білмейміз.
Аудан орталығында кішкентай көшенің аты берілген Молдағали Жолдыбаев та Алаш қозғалысымен байланысты тұғырлы тұлғаның бірі. Міне, сондай тұлғаларға аудандық музейден бір бұрыш ашылса деймін.
Алаш қозғалысы тек Әлихан, Жаһанша, Міржақып, тағы сондай тұлғалардан тұрмайды. Алаш жалпыұлттық саяси-әлеуметтік қозғалыс. Сондықтан әр өңір, жер-жерде соған тілеулес болғандар бары сөзсіз. Біз бірақ солардың атын білмейміз. Міне, сондай азаматтарды іздеп тапсақ, дұрыс болар еді.
1917-1918 жылдары өткен 70-ке жуық съезді т.ғ.к К.Ілиясова зерттегенін жалпылама білемін. Ал соның ішінде уездік, болыстық съездер де болған. Егер Жымпиты уезінде өткен съезге қатысты мәлімет тапсақ, сонда көтерілген мәселелерді біліп қана қоймай, бір беймәлім есімдерді де табуымыз мүмкін ғой.
Салиқалы сұхбатыңызға рахмет! Аспандағы күн сөнгенше Алаш туы құламасын!
Әңгімелескен:
Бауыржан Ширмединұлы,
Журналист
Сырым ауданы
zhaikpress.kz