Бөкей ордасына қарасты М.Мәметова атындағы мектеп жанындағы «Солнышко» атты жазғы демалыс лагері 14 маусымда өз жұмысын бастады. Бірінші маусымда қабылданған 50 балдырған уақыттарын көңілді өткізді. Бірінші көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балалары қамтылды.
Лагерьге келген демалушыларды күнделікті мектеп медбикесі денсаулықтарын тексеріп, қызуларын өлшетіп, олармен сауықтыру іс-шараларын жүргізді. Лагерь жетекшілері А.Темірғалиева, Ж.Омаров, А.Қабдолова, А.Ғайнуллина, Д.Рахметқалиев, А.Абдирова мен А.Қонақбаевалар балалардың әр сағатын мазмұнды ұйымдастыруға күш салды.
- Лагерь демалушыларына әртүрлі ойындар ойнатылып, әртүрлі жарыстар, тақырып бойынша тапқырлық, сөзжұмбақ сайыстары ұйымдастырылды. Бір мезгіл балдырғандар сурет салып, тақпақ жаттап, ән салады. Күнде жоспар бойынша таңертеңгілік жаттығулар, ертеңгіліктер, сайыстар өтеді. «Веселые старты», «Робототехника» атты шараларға оқушылар қызығушылықпен қатысып отырды. Қауіпсіздік туралы әңгіме және әр түрлі тренингтер аптасына екі рет өтіп тұрады. Оқушылар ән айтып, би билеп, демалыс лагерінің жұмысын қыздыра түсті. Балалардың көңілді демалып жатқандығы жүздерінен көрініп тұрды.Демалушылар музыкалық, спорттық, шығармашылық және интеллектуалдық сайыстарға да белсене қатысты, - дейді лагерь жетекшісі Бибігүл Сағыналиева.
Ал М-С.Бабажанов атындағы мектеп жанынан ұйымдастырылған «Күншуақ» жазғы сауықтыру лагері де оқушылардың денсаулығын қалыпқа келтіріп, қайта күш жинап, шығармашылық әлеуеттерін дамытумен қатар бос уақыттарын қызықты, әсерлі өткізуін көздейді.
Лагерь бірінші ауысымда 70-ке жуық оқушы қабылдаған, олардың әрқайсысы 8 жастан 13 жасқа дейінгі жас мөлшері бойынша үш топқа бөлінді. Ауысым ұзақтығы – 14 күн. Жазғы лагерьге аз қамтылған және көпбалалалы отбасы т.б. балалар демалуға мүмкіндік алды. «Күншуақ» ұжымы тәрбиелік және спорттық бағдарламаларды іске асыруда түрлі шараларды қолға алды.
Тәлімгер Жұлдызай Қойшекенованың айтуынша, бекітілген жоспарға сәйкес лагерь демалушылары үшін күн сайын ертеңгіліктер мен мерекелік іс-шаралар өткізіліп, «Қару аманаты» саябағына, аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне саяхат жасалды. Жас өрендеріміз ауылымыздағы тарихи-мәдени ескерткіштерді аралап, естелікке суретке түсіп, керемет әсерге бөленді. Лагерьдің жабылу салтанатында балалалар 14 күн ішіндегі өздерінің көңіл-күйлерімен бөлісіп, ән айтып, би билеп, қимай қоштасты. Зор белсенділік танытқан ұл-қыздар мақтау қағаздарымен марапатталды. Жаз айындағы өнімді демалыс – жыл бойына қажетті күш-қуат сыйлары сөзсіз.
Сонымен қатар Мұратсай ауылындағы А.Құсайынов атындағы мектеп-бөбекжай кешені жанынан «Достық» үйірме лагері де өз жұмысын бастады. Лагерь екі ауысымнан тұрады. Бірінші ауысымға 15 оқушы қатысуда.
Олар қазақ, орыс және ағылшын тілдері мен математика, информатика пәндері бойынша үйірмелерге және психологиялық тренингтерге қатысып, спорттық ойындар ойнайды. Мысалы, «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» интелектуалды ойыны өтті. Ойын мақалдардың жалғасын тауып, мағынасын ашу, грамматикалық сұрақтар, ұйқасын табу (үштілдікке үйрету), өздері ұнатқан өлең шумақтарын жатқа мәнерлеп оқу, өнер көрсету сияқты 5 турдан тұрып, екі топ арасында жарыс ұйымдастырылды.
- Санның құрамын қайталау, ойын арқылы алған білімдерін бекіту, математикаға деген қызығушылықтарын арттыру, балалардың логикалық қабілетін дамыту мақсатында «Менің орным қайда?» тақырыбында математикадан үйірме сабағы өтті. Онда оқушылар «Ойлан тап», «Көршіңді тап», «Достарға кубиктің қырларын бояуға жәрдем бер» ойындарын ойнап, логикалық есептер шығарды.
Лагерь демалушылары арасында дойбыдан жарыс өтіп, жеңімпаздар анықталды. «Үздік дойбышы» номинациясына ие болған ойыншылар марапатталды, - деп хабарлайды мектеп директорының орынбасары Ақылжан Ғұмаров.
«Орда жұлдызы»