Тәкең, Талғат Шайхиевті айтамыз - сахнаның сәні, жүрегінде мелодия ойнаған талант, Шайхиевтер отбасылық ансамблінің жетекшісі.
Оның табиғатты сүйетінін, әуесқой балықшы екенін де білуші едік. Бірақ жақында кәнігі кәсіби фишерлердің қолы жете бермейтін трофейдің иесі атанды.
Жексенбілік демалыста ұлдары Ринат және Шыңғыспен бірге Өлеңтінің аңғарын сүзіп жүріп, балық аулайды. Қармақтың жібін жинап жатқанда, бірдеңе ілінгенін әрі қапқан дүниенің ірі екенін балықшы бірден сезді. Баппенен олжаны жағаға тарта бастайды. Су таяздаған сайын тулауы да күшейді. Құйрығымен суды сабалағанда, айнала ақ көбікке айналды. Ақыры, шығарып алды. Шортан екен. Салмағы – 15 келі 700 грамм! Міне, Өлеңтіде қандай гиганттар жүр!
Табиғаттың дәл осы тамашасын әнші Ринат Шайхиев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеді. Оқырмандар тамсансын деп, алып шортанның суретін біз «Сырым елі» газетінің бетіне басып отырмыз.
Б. Шерім,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz