Әйгілі әншi, композитор, Қазақ КСР-ның Халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері Ескендір Хасанғалиев 1993 жылы Подстепный ауылына келген екен. Бұл жөнінде «Теректі» колледжі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Эльмира Бисенғалиева бүй дейді:
-Өзім «Теректі» колледжіне 1994 жылы жұмысқа орналастым. Бұл сурет 1993 жылы түсірілген. Ескендір Хасанғалиевтың жанында тұрған менің әкем — Кәмеш Ғұмаров. Әкем аталмыш оқу орнында ұзақ жыл жұмыс істеді. Ең алдымен директордың орынбасары, кейін директор лауазымын атқарды. Ал әншінің жұбайы Дариконың қасындағы Дина Ғабдолова. Ол кісі қазіргі уақытта біздің колледжде кадр бөлімінде жұмыс істейді. Оның айтуынша, осыдан 30 жыл бұрын республикалық немесе облыстық ( бұл жөнінде нақты ешкімнің есінде жоқ) депутаттық сайлау өткен. Сол науқанға байланысты қыс мезгілінің ақпан айында Подстепный ауылына Ескендір Хасанғалиев пен жолдасы келген. Олар колледждің залында оқушы, студенттер, мұғалімдермен жүздескен. Әншінің өзі және Дарико апай екеуі ән шырқап, жұртқа шат-шадыман көңіл-күй сыйлаған. Жиыннан соң естелікке фотоға түскен, - дейді Эльмира Кәмешқызы.
Әңгіме барысында колледж ұстазы оқу орнының тарихын зерделеп жатқанын тілге тиек етті.
Самал Жамет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz