Жәнібек ауданында мүгедектерге арналған қолжетімділік ортаны қалыптастыру мақсатында аудан әкімінің биылғы 18 наурыздағы шешімімен арнайы комиссия құрылған. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мейрамбек Ибатовтың айтуынша бұл комиссия мүгедектерге арналған қолжетімді ортаның сақталуы тұрғысынан әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын түгендеуді (паспорттауды) ұйымдастыруды және жүргізуді көздейді. Ауданда бұл жұмыстар 2012 жылдан басталып, 117 нысан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді деп анықталған. Қазір осы нысандардың төртеуі қысқартылған. Қалған 113 нысанның тізілімі қалыптастырылып, бұл күндері оларды паспорттау, мүгедектерге қолжетімді болуы үшін бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мәселе аудандық мүгедектер ісі жөніндегі кеңестің күн тәртібіне енгізіліп, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған іс талаптары жеке кәсіпкерлік субьектілерінің иелеріне егжей-тегжейлі түсіндірілген. Күні бүгін 21 нысанды түгендеу және бейімдеу жұмыстары толықтай аяқталып отыр. Аудан бойынша мүгедектерге арналған қолжетімді ортаны қалыптастыру жұмыстары одан әрі жалғасуда.
Н.Жапақов