6.06.2024, 16:15
Оқылды: 28

«22 миллионның әр тиыны – халықтікі» немесе жаңа орын жұртқа жайлы ма?

Сырым ауданындағы су тасқыны кезінде 253 үй суға кетті. 114 баспана тұруға жарамсыз деген қорытындыға сәйкес сүріліп, қайта салынып жатыр. Қалған үйлерге күрделі жөндеу тағайындалды. Әрине, «Белуардан суда тұрған үйім жөндеуге келмейді. Қабырғасын су жеген. Қисайған үйде қалай тұрамын!?» - деген наразы топтар да бар. Ол енді мүлде бөлек мұң, бөлек мәселе! Бұл жолы басқа жайға назар аудармақпыз!

EEC4E880-9231-437C-B366-CBC933D65E14

Ақпарат үшін айтайық, 114 үйдің иелері ішінен 64 тұрғын үйін ескі орынына салуды сұраған. Ал қалған 50 баспана инженерлік-коммуникациялық желілері жеткізілген, инфрақұрылымы дайын жаңа орынға салынады. Тың жерлерге түсетін үйлер саны – Бұлдыртыда – 10, Көздіғарада – 1.

Жымпитыдағы Қарасу мөлтекауданына жаңа 13 үй сән беретін болады. Ал Өлеңті ауылында жаңа көшеден 23 үй бой көтереді.

Осы жерде жаңа үйлер үшін таңдалған тың орындар халық үшін жайлы ма деген сауал туады.

Өлеңті ауылындағы құрылыс алаңы сайдың арғы бетінде тұр. Қыста қар, күз бен көктемде балшық. Ертең ауа райы қолайсыз уақыттарда халық үйлеріне қалай жетеді. Демек жаңа көшелерге жол да тартылуы тиіс.

Қазақ «Жақсылық жасасаң бүтін жаса!» - дейді ғой.

Өлеңті жағасындағы үйі екі жыл қатарынан суда қалған Қанат Какимов ағамыз да жаңа баспанасын тың орыннан таңдаған.

– Құрылыс қарқынды жүруде. Бірақ бірқатар мәселелер бар. Әлі қай үй нақты біздікі екенін білмейміз. Жеребемен таңдау заңда бар ма?! Ауламыз белгілі болса қора-қопсы салып бастағымыз келеді. Біз үкімет емеспіз, құрылыс салуға уақыт көп кетеді. Екіншіден, жаңа орын – судың жолы. Сондықтан, Бәйтерек – М.Өтемісов көшелерінің қиылысындағы жолдың астына, Ақдала көшесіне шығатын жолдың және ескі монша жақтағы жолдың астына су шүмегін салу керек. Сайларды тазалау қажет. Үшіншіден, үйлер өрістің жолына салынып жатыр. Таңмен өрген, кеште қайтқан мал жаңа үйлерге сүйкенетінді шығарды. Болашақта сиырлармен көрші боламыз ба?! Сондықтан, жаңа үйлер шарбақпен қоршалуы тиіс. Ағаш емес, металл шарбақ!, - дейді Қанат мырза.

44672B5C-F9CA-4F11-BCAF-0A9602EFD377

Міне, халықтың осы сауалдарын кеше ауданға келген ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа қойдық.

– Бір үйдің құны 22 млн теңгеге бағаланып отыр. Аз ақша емес. Сол қаражаттың ішінде неге үйдің айналасын абаттандыру, тым құрығанда аула мен ауыз есік салу жағы ескерілмеген. Халық үшін бөлінген қаражат бір тиынына дейін халықтың игілігіне жұмсалуы тиіс. Осыған қолдау жасаңыз!, - дедік.

Сырым аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, Өлеңті ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тауфих Елубаев та ауылдастары атынан сөйледі.

Ол үйлері судан айтарлықтай зардап шегіп, апатты күйге түскен бірқатар өлеңтіліктің тағайындалған күрделі жөндеу жұмысына келіспейтінін, жаңа үй салуды сұрайтынын айтты.

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым аудандық мәслихатының депутаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале