Қаратөбе мектеп-гимназиясында «Тәуелсіздік ұландары» атты негізгі орта мектеп бітіруші түлектерге аттестат тапсыру рәсімі өтті.
2021-2022 оқу жылында Қаратөбе мектеп-гимназиясының 9-сыныбын 40 шәкірт табысты аяқтады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және «Балалар жылы» аясында мектеп түлектері білім бәсекесінен биік шыңдарды бағындырып, спорт пен өнерден оқ бойы озық шығып, тың жетістіктерге жетті.
Аттестат табыстау рәсіміне Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Берікқали Жақсылықұлы, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшаұлы, мектеп директоры Мираш Спортқызы, «Мұхит» жастары қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айгөлек Әділханқызы және ұстаздар мен ата-аналар қатысты. Ел ертеңі, ақылына білімі сай тәуелсіз еліміздің жастарына құрмет білдіре отырып, салтанатты жиын барысында шараға қатысушы меймандар оқушыларға негізгі орта білімі туралы аттестатты табыстап, «Үздік аттестат» иелері атанған 22 шәкіртті нәтижелі білім алуымен құттықтады.
Шара соныңда жетістікке жол сілтеп, баласының бетке ұстар оқушы болуына қолдауын білдіріп, мектеппен үнемі байланыста жүретін ата-аналар атынан Қаратөбе ауданының прокуроры Алмас Төрегелдіұлы мен аудандық аурухана дәрігері Румия Есболқызы сөз алып, жас қанат оқушыларға сәттілік тіледі.
Әмірбек Әлібекұлы,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz