4.01.2023, 12:00
Оқылды: 119

2,5 пайыздық несие табысты арттыруға сеп

Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында халықтың табысын арттыруға ден қойған болатын. Оның ішінде ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға көңіл бөлініп отыр. 2023 жылдан бастап осы бағытта бірқатар мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылмақ. Соның бірі – еліміз бойынша енгізілетін «Ауыл халқының табысын арттыру» жобасы.

1

Жамбыл облысындағы пилоттық жоба

2019 жылдың 11 қыркүйегінде өткен Үкімет отырысында Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру бойынша пилоттық жоба қаралды. Өңірлік жобаны қолға алуға себеп болған жеке қосалқы шаруашылықтардың ұйымдастыру мәселесінің шешілмеуінен жоғары табыс алмауы. Мәселен, орталықтандырылған сатып алулар, техника мен технологиялардың болмауы, қаражаттың жетіспеушілігі табыстың төмендігіне сеп болған. Тұрғындардың табысын арттыру мақсатымен Жамбыл облысының әкімдігі төмендегі шаралар кешенін ұсынды:

  1. өсімдік шаруашылығы үшін үй жанындағы жер телімдерін тиімді пайдалану;
  2. үй жанындағы аулаларды мал шаруашылығы үшін тиімді пайдалану;
  3. үлестік жерді тиімді пайдалану;
  4. әрбір ауылдық округте қажет құралдары, техникасы, жабдықтары мен айналым қаражаты бар кооперативтер құру;
  5. шағын жобаларды барынша қаржыландыру үшін жағдай жасау.

Аталған іс-шараларды жүзеге асыру үшін 31 мыңнан аса жобаны іске қосу керектігі де сөз болған.

2021 жылдың 3 тамызында өткен Үкімет отырысында Жамбыл облысында ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобаны кеңінен қолдану мәселесі қаралды. Жиында Жамбыл облысында жүзеге асырылған жобаның нәтижесі баяндалды.

– 2019 жылы басталған «Жамбыл облысы халқының табысын арттыру жөніндегі» пилоттық жобаның бес бағыты бойынша жалпы алғанда 9,2 млрд теңге несие қаражаты игерілді. Жобаға облыстың 10 ауданының 11 пилоттық ауылдық округінің 25 елді мекенінен 2478 тұрғын және 11 жаңа ауыл шаруашылығы кооперативі қатысып, несие алды, – деді сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Пилоттық жобаның бірінші кезеңінде Жамбыл облысы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген. Мысалы, жеке кәсіпкерлер саны 2282-ге артса, жобаны іске асыру нәтижесінде бес жыл ішінде экономикалық тиімділік 14,9 млрд теңгені құраған (бір жылда 2,98 млрд теңге). Ал еліміздегі күн тәртібіндегі жұмыссыздық мәселесі өңірде оң шешімін тауып, жобаның арқасында жұмыссыздар саны 194 адамға кеміп (528- ден 334-ке дейін), 589 жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 1058 отбасыға немесе 65 пайызға кеміген. Дәлірек айтсақ, облыстағы атаулы әлеуметтік көмекке ие болған 1615 отбасының ішінде 557 отбасы жобаның игілігін көрген. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек төлеу есебінен 1 039 млн теңге қаржы үнемделген. Ал жобаға қатысқандардың орташа айлық табысы 44 мың теңгеден 73 мың теңгеге артқан. Ол пайызға шаққанда 165 пайызды құрап отыр.

Аудан халқы биыл жобаның игілігін көре ме?

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл бағдарламаны еліміз бойынша масштабтауды тапсырды. Халықтың табысын арттыруға бағытталған жоба барлық өңірде жүзеге асырылмақ. Осы мақсатпен 2023 жылы жобаны іске асыру үшін республика бюджетінен 11 мыңнан астам шағын қарыз беру жоспарымен 52,4 млрд теңге бөлу көзделген.

Тың жобаның Казталов ауданында қалай жүзеге асырылатынын білу мақсатымен аудан әкімінің орынбасары Ғаділбек Әлібековпен сұхбаттастық.

– Өңірімізде Жамбыл облысындағы тәжірибе жүзеге асырылмақ. Демек, біз де бес бағыт бойынша жұмыстанатын боламыз. Жалпы, несиенің ең жоғары сомасы 2,5 мың АЕК құрап отыр. Бұл жеке тұрғындар үшін. Ал зәкірлік кооперацияны құру және дамыту үшін 8 мың АЕК көлемінде қаржы несиеге беріледі. Сыйақының номиналды жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз. Несие қаражатын беру операторларын облыс әкімдігі мемлекеттік сатып алуды өткізу арқылы анықтайтын болады. Несие алу үшін жылжымайтын дүние-мүлік кепілге қойылады. Қазіргі таңда ауылдық жердегі үйлердің басым көпшілігі ескі технологиямен салынғанын ескеріп, сол жеке тұрғын үйлерді кепілге қою мәселесін қарастырып жатырмыз. Оның бағалау құны төмен болуы мүмкін. Мысалы, үйдің құны 1 млн теңгеге бағаланса, 700 мың теңге несие беріледі. Яғни иесі үй құнының 70 пайызын несиеге ала алады, – деді Ғаділбек Әлібекұлы.

Дегенмен оңтүстіктің қолайлы ауа райына бейімделген, негізгі саласы ауыл шаруашылығын қамтитын бағдарлама далалық аймақта қалай жүзеге асырылады деген сауал да жоқ емес. Әйтсе де аудан әкімінің орынбасары «Қалауын тапса, қар жанады» деп, сұрағымызға толық жауап берді.

– Еліміздің климаты ауыл шаруашылығы саласына бейімделген. Экономиканың да негізгі бөлігін ауыл шаруашылығы саласы құрап отыр. Осыны ескерсек, кәсіп ашамын, табысымды арттырамын деген жан сылтау іздемесі хақ. Бұл бағдарламада жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтарға басымдық беріліп отыр, – деді ол.

2

Ғаділбек Әлібекұлы сұхбат барысында жеке тұлғалар және шаруалардың міндетіне де тоқталды.

– Қазіргі уақытта ауданымызда қой өсіру, құс шаруашылығы, сүт өндірісі кенже қалып тұр. Еңбек етемін деген адам мүмкіндікті пайдаланып, аталған істерді дөңгелетуіне болады. Мәселен, сүт өндірісіне тоқталсақ. Сүт – тез бұзылатын өнім. Оны ауылдан қалаға жеткізу қиындық туғызатыны сөзсіз. Сондықтан біз несие алған азаматтардың өнімін жергілікті кооперативтер арқылы өндіріске айналдыруды назарға алып отырмыз. Сол секілді қой және құс шаруашылығы, бау-бақша өнімдерін де тиімді бағамен кооперативтерге сату жүзеге асырылады. Демек, несие алған жеке тұлға да, кооператив те пайдадан қағылмай, несиесін уақтылы төлеп отырады. Ал несиенің алғашқы екі жылы мерзімді демалыс ретінде есептеліп, тек пайыздық мөлшерлемесін ғана төлейді. Екі жылдан соң ай сайын несиесін уақтылы өтейді, – деп толықтырды ол.

Аудан әкімі орынбасарының сөзіне сүйенсек, ауданда аталған бағдарламаны пилоттық жоба ретінде жүзеге асыруға арнайы жүргізілген жан-жақты зерттеу нәтижесінде Жалпақтал, Казталов, Бостандық ауылдық округтері ұсынылған. Әйтсе де 2023 жылы пилоттық жоба ауданымыз бойынша Жалпақтал ауылында жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Кейінгі жылдары өзге де ауылдық округтерде жалғасын таппақ. Жалпы, бағдарламаны жүзеге асыруға облысымызға 2023 жылы 6,4 млрд, 2024 жылы 4,1 млрд, 2025 жылы 2,3 млрд теңге қаражат бөлінеді.

Бағдарламадан не күтеміз?

Қолда бар мәліметке сүйенсек, ауданымызда 337 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. 1710 адам жұмыссыздар есебінде тұр. «Ауыл халқының табысын арттыру» жобасы іске қосылса, жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіп бастайтын азаматтар қатары артпақ. Бұл ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына да тың серпін берері сөзсіз. Жобаның игілігін алғаш болып көретін Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Әлия Нәсіпқалиқызымен телефон арқылы тілдестік.

3

– Жалпақтал ауылдық округінің жер аумағы 11 276 гектарды құрайды. Округте 778 аула, 4632 тұрғын бар. Оның ішінде 2098-і экономикалық белсенді санатына жатқызылған. 1412 азамат түрлі салада қызмет атқарады. Бюджеттік салада 998, жеке шаруашылықтары бар азаматтар саны – 414. Ал 510 азамат өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Соның ішінде жеке қосалқы шаруашылықта 365 адам, 145 тұрғын жалдамалы негізде қызмет етеді. Округте 103 жұмыссыз азамат тіркелген. Атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны – 28. «Ауыл халқының табысын арттыру» жобасына қатысуға 42 азамат ниет білдірді. Ауылдың әлеуметтік осал тобына жататын, өзін-өзі жұмыспен қамтушы тоғыз адам, жұмыссыз 10 адам, атаулы көмек алатын бір адам бағдарламаның төрт бағыты бойынша бағдарламаға қатысуға ниетті, – деді округ әкімі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы сайлау науқанындағы Халықтық коалиция форумында сөйлеген сөзінде: «Ауылда тұратын бір миллионнан астам азаматтың лизингпен техника алуына мүмкіндік беріледі. Оларға шағын несие ұсынылады. Сондай-ақ шаруаларға өз өнімін өткізу үшін ірі қалалардағы нарықтар қолжетімді болады.

Ауыл шаруашылығы саласында кооперативтік кәсіпкерлікті дамытамыз. Сол арқылы 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашамыз. Бұл мақсатқа 1 триллион теңге бөлінеді. Біз жас кәсіпкерлерге конкурстық негізде 2,5 пайыздық өсіммен несие береміз», – деген болатын. Бұл да – халыққа берген уәденің бірі.

Біз тілге тиек еткен бағдарламаға қатысатын жан жаңа жұмыс орнын ашып, ауыл тұрғындарын жұмысқа тартар болса, табыс та артары хақ. Ал ұсынған жұмыстан бас тартқан жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар заң аясында жауапкершілік арқалайды. «Екі қолға бір күрек болса игі» деген адамға жол ашық. Бағдарламаның шартына сәйкес келіп тұрсаңыз, тәуекелге барған жөн. Әрине, таңдау еркіңізде. Дегенмен атаулы әлеуметтік көмек пен жұмыссыздық отбасына азық болмасы анық.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале