9 қазан - «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» пошташылар күні. Адаммен бірге жаралған ақпарат беру, хабар алмасу, сәлемдеме, газет-журналдар, хат тасымалдау секілді қызметтің жеңіл емес екендігі белгілі.

Үлкен қара сөмкені иығына асып алып, сөмке толы газетті таратып жүрген пошташы Рая Хұсайыновны жымпитылықтар жақсы біледі.
Қыста газет-журналдарын шанаға, жазда велосипедке тиеп, таратып жүргені. Ол біз еуропалық фильмдерден көретін велосипедке мінген пошташы сияқты үйдің ауласына газеттерді лақтырып кетпейді. Аула сыртына қағылған пошта жәшігіне салады. Бірақ қазір әр тұрғынның қақпасында арнайы пошта жәшігі бола бермейді. Ондайда Рая апа газеттің, хаттың иесін тапқанша асығады. Алайда, жалақысы мардымсыз, небәрі 30 мың теңге алады.
- Күніне 13 көшеге, 12 келілік сөмкені арқалап, 25 шақырымдай жүремін. Жыл соңына дейін жұмысымды атқаруға мүмкіндігім бары қуантса, біздің ізімізді басар пошташылардың жоқтығы жанға батады,-дейді кейіпкер.
Аталмыш мекеме басшысы Айнагүл Жұмиева Сырым ауданы бойынша тек аудан орталығы Жымпитыға 3 пошташы керек екенін тілге тиек етті. Жоғарыда айтылған Р.Хұсайынова биыл асқаралы 60 жылға толады екен.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz