11.05.2023, 19:47
Оқылды: 125

25 жыл сахна төрінде

Тарихы сонау тас дәуірлерінен бастау алатын би өнерінің алғашында жай ғана көңіл көтеру емес адамдармен қарым-қатынас, тіпті өзін-өзі таныстыру құралы ретінде пайда болып, адамдар өміріндегі болып жатқан маңызды деген оқиғаларды осы би арқылы көрсеткенін білдіңіз бе?!

WhatsApp Image 2023-05-11 at 16.15.41
Ендеше, кеңінен тарқатайық. Тарихы тереңде жатқан бұл өнер сіз ойлағандай қарапайым қозғалыстардан тұратын оңай нәрсе емес. Ол адамның ішкі жан-дүниесін, тіпті тілмен айтып жеткізе алмайтын сезімдерін көрсетеді. Бәлкім, сол үшін де би – жанның ырғағы, жүректің қалауы. Би құдіретті өнер десек те, артық айтқанымыз болмас. Соның ішінде қазақ биі – ұлтымыздың асқақ рухы. Қазақ халқы ежелгі би өнерінің дәстүрі мен өрнегін сақтап, өзінің рухани қазынасымен ұштастыра отырып, ғасырлар бойы дамытқан. Қазақ биі халықтың тіршілік-тынысын, адамның табиғатқа көзқарасын, дүниетанымын айшықтайтын өнер ретінде өркендеуде.

WhatsApp Image 2023-05-11 at 16.15.41 (1)
Осындай өнер қасиетін көпке үлгі еткен аудандық «Ақмаржан» халықтық би ансамблінің құрылғанына биыл 25 жыл, ал «халықтық» атауын алғанына 15 жыл толып отыр.
Жиырма бес жылдан бері сахнаның көркіне айналған бишілер тобы талай мәрте облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып келеді. Қазіргі таңда «Ақмаржан» би ұжымы кез-келген ансамбльдің бағына бұйыра бермейтін «халықтық» «үлгілі» атағын алып, ауданымыздың абыройын асқақтатып отыр. Олардың жеткен жетістіктері мен бағындырған биік шыңдарын бұл жерге тізіп жазу мүмкін емес. Дегенмен, жетістіктерінің ішіндегі ең ойып тұрып орын алатындарына тоқталып өтсек дейміз. Мысалы, 2007 жылы «Акмаржан » би ансамблі БҚО әкімінің өкіміне сәйкес екі облыс арасындағы мәдени байланысты одан әрі нығайту мақсатында көршілес Ресей Федерациясы Саратов қаласында өткен қазақтардың аймақтық ұлттық-мәдени автономиясының құрылтайына арнайы шақыртумен қатысып, алғыс хатпен марапатталса, 2008 жылы Тараз қаласында өткен «Ұлы Жібек жолы» халықаралық фестивалінде жоғары баға алуына сіңірген еңбектері үшін аудандық мәдениет тілдерді дамыту бөлімінің алғыс хаты табысталды. Қазақстан Республикасының Мәдениет және Ақпарат Министрлігінің 2008 жылғы 26 желтоқсандағы 325 бұйрығымен Жәнібек аудандық «Ақмаржан» бишілер ансамбліне «Халықтық» «үлгілі» атағы берілді.

WhatsApp Image 2023-05-11 at 16.15.42

Ал 2010 жылы Бөкей Ордасы ауданында өткен Бүкіл Одақтық халық шығармашылығы орталығы фестивалінің лауреаты, хореограф Надежда Ғұсманованы еске алуға арналған облыстық ашық би байқауында жүлделі 1-орынды олжалады. 2016 жылы қараша айында Ресей Федерациясы Волгоград облысы Палласовка ауданы өткен «Достық» фестивалінде «Ұлттық колорит» аталымына лайық болды. Араға бір жыл салып аудандық «Балдәурен» балалар фестивалінде үздік атанып, облыстан жүлделі 2-орынды еншіледі. 2020 жылы «Бақытты елдің ұрпағы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен қашықтықтан өткен Республикалық «Дала сазы» атты байқауында «Хореография» номинациясы бойынша Үлкен буын бас жүлдеге, кіші буын 3-орынға ие болды. 2021 жылдың сәуір айында өткен облыстық «Биле, биле» би байқауында 3-орынды қанағат тұтса, биыл аудандық «Балдәурен» балалар фестивалінде бас жүлде иегері, ал облыстық байқауда дипломант атанды.

«Ақмаржансыз өмірімді елестете алмаймын»

Бүгінде аудандағы би саласының өркендеп дамуына үлкен үлесін қосып жүрген аталмыш би ансамблінің жетекшісі Зәмзәмгүл Мұратовамен (суретте) әңгімелескен болатынбыз. Өз өмірінің 25 жылын «Ақмаржан» би ансамбліне арнаған Зәмзәмгүл Мұзаппарқызы үш жасынан бастап би өнеріне қызыққан. Бұл салаға келуіне әкесі біраз септігін тигізіп, ерекше қолдау білдірген.
-Әлі есімде, әкем тойларда би алаңына шығып ортаны ашыңдар, менің биші қызым келе жатыр деп, мені ортаға шығарып билететін. Ол кезде мен де кішкентаймын, ұялу дегенді білмейміз, ортаны берместен билейтінмін. Қазір міне әкемнің сондай бір қолдауы мен сенімінің арқасында әлі күнге ортаны бермей келемін» - дейді пікірлесу барысында.
Бала күнінен би өнерін бойына сіңіріп өскен ол 1987 Жақсыбай орта мектебін бітіріп, сол жылы Орал мәдени-ағарту училищесінің би бөліміне оқуға түскен. 1990 жылы қаңтар айында оқуын аяқтап, алғашқы еңбек жолын өз туған ауылының мәдениет үйінде көркемдік жетекші қызметінен бастады. Оның мамандығына адалдық танытқан ғұмыр жолына тереңнен үңілгіміз келіп, тағы да сөзге тарттық:
- Көркемдік жетекші қызметімен қоса ауыл мектебінде би үйірмесінен дәріс беріп, мәдениет үйі жанынан «Гүлдер» би тобын құрдым. Аудан орталығына келіп барық мәдени шаралар мен байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдық. Ал 1996 жылы Жақсыбай мәдениет үйінің директоры қызметін атқарған болатынмын. Тура екі жылдан кейін еңбек жолымды аудандық мәдениет үйі орталығында мәдени қызметші ретінде жалғастырдым. Өз ауылымда жүріп жинаған тәжірибемді енді аудан көлемінде көрсетер сәт туған еді. Білімімді одан сайын дамытқым келіп, 2001 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті би факультетінің сырттай оқу бөліміне түсіп, 2004 жылы «Жоғарғы кәсіби білімді хореограф-оқытушы» мамандығын тәмәмдадым. Сол уақыттан бастап күні бүгінге дейін аудандық «Демалыс орталығы» МКҚК балетмейстер қызметін атқарып келемін. Жалпы ауданымызда 1970 жылы құрылған «Қарлығаш» би тобы болатын. Мен сол «Қарлығаштың» өнерін жалғастырушы, би тобының көркемдік жетекшісі болып тағайындалдым. 1998 жылдан бастап «Ақмаржан» атымен өзгертіліп, бишілер тобы қайтадан жаңарған еді. Атауын бұлай өзгертуімнің себебі - топтағы қыздарым ақ маржандай сұлу, аппақ, адал ниетте болсын,- деген көп сөзге жоқ, есесіне өз ісінің шебері «Ақмаржансыз» өмірімді елестете алмаймын деп түйіндеді.

Ата-аналардың қолдауы ерекше

Ансамбльдің өркендеп, осы уақытқа дейінгі қалыптасу жолында оның жетекшісінің сіңірген еңбегімен қоса ата-аналардың да қолдауы мен көмегі ерекше екенін айтпай кетуге болмайды. Топ жетекшісі қай жағынан болмасын үнемі өз көмектерін аямай, қажет болған жағдайда қатысушы қыздарға сахналық киімдерін алуға ат салысып жүргені үшін ата-аналарға өз ризашылығы мен алғысын білдірді. Дәл осындай демеуден кейін ата-анадан пікір алмауға әсте болмайды. Гүлмаржан есімді түлектің анасы Гүлнар Қайырлиева (суретте) ағынан жарылып:
-Менің қызым ансамбльді таңдаған сәттен бастап «Ақмаржанмен» он жыл бойына сахнада бірге жүрдік. Қызымның алған тәлімі оны әлі күнге дейін жерде қалдырған жоқ. Жоғары оқу орындарында да белсенділердің қатарында болып, сахнаның төрін бермейтін. Қазіргі таңда аудандық ауруханада ақ халатты абзал жандардың бірі болса да өнерін тастаған емес. Кіші топта билеп жүрген кезінде бірге Ресей елінің Саратов қаласына сапарға шығып, байқау өтіп жатқан алаңда адасып кеткені бар. Сол кезде өткен-кеткеннен өзінің қайда екенін түсінбей жүргеннін байқаған адамдар кім екенін сұрапты. Қызым да еш саспастан ерекше рухпен мен қазақпын деп жауап берген. Кішкентай болса да өзінің ұлтын біліп, сонымен мақтанып тұрған қызыма риза болды ма, әйтеуір жаңағы кісілер қолынан жетектеп тобын тауып беріпті. Бұнымен айтқым келгені «Ақмаржан» баланы жасынан өнерге талаптандырып қана қоймайды, ол балаларды ұлтын, елін сүюге, рухты болуға, халқының мәдениетін жете түсінуге тәрбиелейді,- дейді.

WhatsApp Image 2023-05-11 at 17.22.58

Фотода: Ата-ана Гүлнар Қайырлиева

Түлектер ансамбльді ұмытпайды

Ансамбльде өнер нәрімен сусындаған Зәмзәмгүл Мұзаппарқызының қазіргі кезде талай асуларды асып, өмірден өз жолын тапқан шәкірттері өте көп. Соның бірі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Садирова (суретте). Ол топ жетекшісі оқуын аяқтап, Жақсыбай ауылында би үйірмесін ашқан сәттен , яғни, 8 жасынан бастап мектеп бітірген жылға дейін талабын ұштаған. Ол кезінде тізімде ламбада, “Бүркітші”, “Кесе сылдыры”, вальс, қазақ, орыс, украин, өзбек, испан, сыған сынды көптеген ұлттық билер болғанын және мемлекеттік қызметке келген соң да концерттерде осы үйренген билерінің барлығы пайдасына жарап, үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін айтты. Ләззат Айтқалиқызы өнер жолындағы ұстазына өз алғысын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

Ақмаржан құшақ ашып қарсы алады

Қазір құрамда кіші, орта, үлкен буынды қосқанда барлығы алпыс бес оқушы бар. Оның қырығы сахнада өнер көрсетіп жүргендер болса, жиырма бесі өздері үшін үйренуге келетін қыздар екен. Би десе ішкен асына қарамайтын маман үйірмеге қабылдау шарттарын түсіндірді.
-Негізінде біз топқа бес жастан бастап қабылдаймыз. Бірақ дарындарды шектемейміз. Көзінде от ойнаған бүлдіршіндер 3 жасынан бастап келсе де болады. Ансамбльге қабылдамас бұрын ең алдымен баланың икемі мен музыкалық есту қабілетіне, дыбыстарды қабылдауына, одан кейін ғана келбетіне, дене-бітімі мен бойына мән беремін. Егер аудан тұрғындары арасында өз қыздарын өнердің ең нәзік, сыршыл түрі бидің қыр-сырын меңгергенін, бойындағы талантын жетілдіргенін қаласа, Ақмаржан құшақ ашып қарсы алады,- деді ол.

WhatsApp Image 2023-05-11 at 16.15.43 (1)

Фотода: Түлек Ләззат Садирова

Ұстазының сөзін қостаған шәкірті, ансамбль мүшесі Гүлсезім Арыстанова шабыттанып, көсіле кетті.
-Қабілетімді шыңдап жүргеніме алты жыл болды. Бірде мәдениет үйінің алдынан өтіп бара жатқан кезде бір топ мың бұралған биші қыздарды көріп, қатты қызықтым. Қызығушылығымды байқаған және осы ансамбльге алып келген анама рақмет. Маған билеген ұнайды. Қиын болса да, өзіміз үшін жаттығудан шаршамаймыз. Би билеп қана қоймай, жетекшіміз би қоюға аса қажет болатын қабілеттердің бірі креативті ойлануға баулиды, денсаулығымыз бен дене бітімімзді күтуге үйретеді. Қоржынымызда отызға жуық билеріміз бар. Жақында ғана өткен аудандық «Балдәурен» балалар фестиваліне қатысып үздік, ал облыстан дипломант атандық. Бұдан бұрын да облыс, республика көлеміндегі байқаулар мен көршілес Ресей елді мекендерінде, соның ішінде Саратов қаласында болып, жүлделі орындарды иеленіп қайттық. Біз байқаулардан ерекше әсерде ораламыз. Ол жақтан өзімізге дос тауып, тәжірибе алмасамыз. Болашақта мен де ұстазым секілді кәсіби биші болғым келеді,- дейді.

Ауданымызда би саласының дамуына қандай көмек көрсетілуде немесе «Айтылған сөз – атылған оқ»

Жоғарыда атап өткеніміздей, би өнері - ерек өнер. Бишілердің түрлі сахналық киімдері, көрсетілімге қажет көрнекі құралдары жетіп артылады. Олар - халықты елең еткізіп, өздеріне баурап алу үшін ауадай қажет. Бірақ неге екені жұмбақ, тамыры терең Ақмаржан 10 жылдан астам уақыт ескірген киімдерімен өнер көрсетіп жүр. Әрине, ата-аналар қауымы жоқтан бар жасап тырысып келеді. Алайда қомақты қаражатты талап ететін дүниелерді қалталары көтермейтіні белгілі. Бір ғана қазақ биінің өзіне етіктің тапшылығы жас бишілердің сағын сындыруына әкеліп соғуы бек мүмкін. Жетекшінің ашынатыны да сол. Дегенмен кеудеде жылт еткен үміт бар дейді. Зәмзәмгүлдің айтуы бойынша аудан әкімдігі биылдан қалмай қол ұшын созып, киімнен бастап қажетті құралдармен қамтамасыз етуге уәде беріпті. Қазақ айтылған сөзді атылған оққа теңеп, уәдені құдай атына балайды. Аталған түйткілдер шешімін тапса, «Ақмаржан» халықтық би ансамблінің шығар шыңы алда.

Айсұлу Жармұхамбетова,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале