13.04.2022, 18:00
Оқылды: 47

250 тонна арзандатылған жанармай бөлінді

Өткен аптада Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Асқар Әбуғалиевтің төрағалығымен ауылдық округ әкімдері, тиісті мекеме, бөлім басшыларының басын қосқан жиын өтті. Отырыста ауданның ауыл шаруашылығына қатысты келелі мәселелер талқыланды.

3C3B8D04-4340-479B-8DC9-AAD2D88432EE

Күн тәртібіндег көктемгі далалық жұмыстарға дайындық жөнінде аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Мұрат Сердалин баяндады.

Хабарлаушы берген мәлімет бойынша көктемгі далалық жұмыстар 1820 га алқапта жүргізіледі деп жоспарлануда. Оның 920 гектарына картоп, көкөніс  және бау-бақша дақылдары (картоп – 135, көкөніс – 225, бау-бақша дақылдары 560 га) егілсе, оның 20 гектары «Жасыл белдеу» бағдарламасының аясында қолға алынбақ. Аталмыш жұмыстарға 63 ауыл шаруашылық техникасының тартылуы жоспарлануда. Қазіргі таңда бағбандар тұқым сатып алып, техникаларын сайлауда. Сонымен қатар жеке тұрғындар да көктемгі дала жұмыстарына кіріседі – ұжымдық бақша аумағы 45 га.

Құрғақшылық қос бүйірден қысқан қазіргідей жағдайда шаруашылық құрылымдарының шабындықтан өнген шөпке иек артпай, өздері қамданып, құнарлы мал азығының дақылдарын егуге бет бұрғандары қуантады. Айталық, былтыр шаруалар жаңадан 267 га танапқа дақыл сепсе, биыл оның көлемі 400 гектарға ұлғаймақ.

Биыл көктемгі далалық жұмыстарға 250 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Бағасы нарықтан әлдеқайда төмен – аудан орталығына тасымал бағасын қоса есептегенде литрі 188 теңгеден берілуде. Қазіргі таңда 25 қожалық арзан жанармайды алуға ұсыныс беріп отыр.

М.Сердалин отырыста «Менің аулам – менің бағым» жобасы бойынша ауданның биылға көзделген межесімен таныстырды. Айталық, мемлекеттік грант есебінен 300 түп жеміс ағашы алынуы жоспарланса, жеке тұрғындардың бағына 4850 түп отырғызылады деп күтілуде. Жобаны жүзеге асыруда әлеуметтік нысандардың ауласына 2955 жеміс ағаштары отырғызылуы қарастырылған.

Ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтердің жеке тұрғындардың мал бағымын ұйымдастыруда маңызы зор. Қазіргі таңда осы құрылымдарды жайылым және шабындық жерлерімен қамтамасыз ету бойынша қам-қарекеттер қолға алынуда. Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұрғали Мутиевтің мәлімдеуінше, Көнеккеткен, Қабыршақты ауылдық округтеріндегі 3 АӨК 4257 га жер учаскесін пайдалану құқығына ие болған. Сонымен бірге Алғабас, Бударин, Базаршолан, Қурайлысай, Мерген, Сарытоғай ауылдық округтерінде құрылған 12 кооперативтің өтініштері жер комиссиясында қаралып, оң қорытындысын алды, тиісті құжаттар рәсімделуде. Алғабастық «Бесоба КБГ» және чапаевтық «Жайық ҚАБ» АӨК-терінен өтініштер комиссия қарауына енді түсті. Бөлімш башысы Жаңабұлақ пен Жамбыл ауылдық округтеріндегі кооперативтер тарапынан қозғалыстың жоқ екенін айтып, округ әкімдеріне құжаттарды рәсімдеуде ақпараттық қолдау көрсетуді қаперледі.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Әлібек Бакирев әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер бағасы бойынша қалыптасқан ахуалды баяндады. Бір демде шарықтап кеткен қант бағасын тұрақтандыру мақсатында азық-түлік корпорациясынан ауданға келісі 362 теңгеден 6,7 тонна қант бөлінген. Қазіргі таңда бөлімнің қадағалауымен арзандатылған тауарды алып, халыққа сататын кәсіпкерлер әрбір ауылдық округте анықталған. Олар қантты тұрғындарға сатарда 15 пайыздан жоғары емес үстеме қоса алады. Мысалы, аудан орталығынан шалғай жатқан Сарытоғай ауылдық округіне бөлінген 250 келі қантты «Әлия» жеке кәсіпкерлігі 416 теңгеден өткізеді.

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале