18.08.2022, 17:45
Оқылды: 46

250 жаңа жұмыс орындары ашылады

​Сырым ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткізілген аудандық мәслихаттың кезекті ХХІ сессия жұмысын мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева жүргізді.

10

Сессия жұмысына аудан әкімі Т.Төреғалиев, облыстық мәслихаттың депутаты Ғ.Нұрмұханов, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, ауылдық округтің әкімдері, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты.

​Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев күн тәртібіндегі алғашқы мәселе «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының жәйі» туралы кеңінен тоқталып, нақты деректер келтіре баяндады.

​-​Ауданда «Сүт белдеуін» құру арқылы халықты сүт өнімдерімен қамтамасыз ету, асыл тұқымды ірі қара, қой малын сатып алуда оңды жұмыстар бар. Нақтырақ айтар болсақ пайдаланбай жатырған бос жерлер қайтарылып, жаңадан өз жұмысын бастаған шаруагер азаматтарға берілді.

11

Бүгінде бұл азаматтар мал өсіріп, қолға алған жұмыстарын қарқынды бастап кетті.

​Ауданда бақшалық өнім,егіс жағдайы да көңіл қуантады. Өткен жылы кәсіпкерлер мен инвесторлар арқылы ауыз толтыра айтарлықтай жұмыстар атқарылса биылғы жылы да бұл дәстүр өзіндік жалғасын тапқан.

Яғни, биылғы жылдың еншісінде жеке кәсіпкерлер мен инвесторлар арқылы ауданда жалпы құны 12 млрд 7 млн теңгеге инвестициялық жоба бастау алып, болашақта 250 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Құрылыс жөнінде көңіл қуантатын жағдай биылғы жылы Алғабас ауылынан 15 тұрғын үй, Өлеңті мен Қособа ауылынан 42 және 8 тұрғын үй құрылысына инженерлік-коммуникациялық желілер жүргізу жобалары жасалып, тиісті басқармаларға ұсыныстар берілді.

​Ауданда «Еңбек» бағдарламасы, «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Өңірлерді дамыту», «Рухани жаңғыру», «Туған жер» бағдарламасы аясында кең көлемді жұмыстар атқарылуда.

Ауданда қоршаусыз тұрған 47 трансформаторлардың 10-на ғана қаржы қарастырылған. Адам, малды, әсіресе балаларды электр қуатынан қорғау үшін бұл жұмыстарды да жеделдетіп қолға алғанымыз жөн,-деді Төлеген Серікқалиұлы.

​Сессияда мінбеге көтерілген аудандық мәслихаттың депутаттары Ж.Кенжебаев ауылдық округтегі электр қуатының өзекті мәселе екендігіне тоқталса, А.Нұрмашев аудан орталығындағы С.Датұлы атындағы саябақта балаларға арналған ойын алаңының көлемін ұлғайту, Х.Есенжанов көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынса деген ұсынбасын айтты.

​Сарой ауылдық округінің әкімі А.Жакиев округте атқарылған жұмыстарға тоқталып, халықты ауыз сумен қамту түбегейлі жақсарса нұр үстіне нұр болар еді деді.

12

Сессия барысында аудан әкімі аппаратының басшысы М.Мырзаш ауданның саяси-әлеуметтік мәдени-экономикалық және рухани дамуына қосқан елеулі үлесі үшін азаматтарға «Сырым ауданының құрметті азаматы» атағын беру және қоғамға сіңірген елеулі еңбегі үшін азаматтарды «Сырым ауданының құрмет грамотасымен марапаттау» туралы ұсынбаны хабардар етті.

​Облыстық мәслихаттың депутаты Ғ.Нұрмұханов сессия жұмысы барысында далалық алқапты өрттен қорғау бағытында тоқталып, ауданда қоршалмай тұрған 47 трансформаторды қоршауды қолға алу, бұл тұрғыда қожалық басшылары, кәсіпкерлер болып бас қосып, трансформаторларды бөліске алып, қоршауды тездетіп аяқтау керек деген орынды ойын айтты.

Сессия жұмысында аудан әкімі Т.Төреғалиев қорытынды сөз сөйледі.

 

Мүсірбек Әлібекұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале