Бүгін Бұлдырты ауылдық округіне қарасты Көгеріс елді мекенінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында емдеу пункті күрделі жөндеуден соң салтанатты түрде ашылды.
Медициналық пункттің ашылу салтанатына аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылғандай, халыққа ең бастысы сапалы медициналық көмек керек. Соның куәсі ретінде бүгін Көгеріс ауылында медициналық пункт ашылуда. Бұлан ауылында да фельдшерлік-амбулаториялық пункт күрделі жөндеуден өтуде. Көгеріске таза ауыз су құбырлары тартылып жатқаны да – үлкен қуаныш. Қуаныш ұзағынан болын, көгерістік ағайындарға құтты болсын айтамын,- деді аудан басшысы.
Ауыл тұрғындары атынан зейнеткер, кәсіпкер Бергенбай Ешмұханов сөз алып, ауылға жасалып жатқан жақсылыққа, басты байлық денсаулықты сақтауға мүмкіндік арта түскеніне қуанышын жасырмады.
Мейірбек Қанатов әннен, ауыл әжелері тәттіден шашу шашты.
«Жақсыны көрмек үшін» демекші, қонақтар мен ауыл тұрғындары жаңадан ашылған денсаулық үйінің ішін аралап, танысты.
Ел игілігіне пайдалануға берілген ғимаратқа күрделі жөндеуді «АИАС строй сервис» ЖШС жүргізді. Құрылыс жұмыстары сәуір айында басталып, шілде айында аяқталды. Емдеу пункті заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Күніне 10-15 емделушіні қабылдауға мүмкіндігі бар. Мұнда бір фельдшер мен бір кіші қызметкер еңбек етеді.
Айта кетейік, бұдан бөлек ауыл-аймақтарды модернизациялау жобасы аясында Өлеңті ауылында жаңа медицина ғимараты салынуда.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz