Кеше аудандық «Жәнібек» спорт клубында Жәнібек ауданының тұрғыны болған Сембай Ғұсмановты еске алуға арналған волейболдан турнир өткізілді. Аталған турнирге аудандық шекара бөлімі қызметкерлері, су шаруашылығы бөлімі қызметкерлері, М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжі қызметкерлері, «Жәнібек» спорт клубы, аудандық мәдениет бөлімі қызметкерлерінен құралған командалар қатысты.
Еске алу турниріне арнайы келген аудан әкімі Тимур Шиниязов сөз алып, шараға ат салысып жатқан барша спорт сүйер қауымға өз атынан алғысын білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Көпке сыйлы ел ағасы болған Сембай Ғұсманұлының жақын туыстары мен әріптестері, көзін көрген бір топ ауыл ақсақалы да шетте қалмай, аталмыш шарада бой көрсетті. Соның ішінде марқұммен ұзақ жылдар әріптес болған, Батыс Қазақстан облысының «Үздік мәдениет қызметкері» төсбелгісінің иегері, мәдениет саласының ардагері Шынтемір Рамазанов сөз алып, ол жөніндегі жылы естеліктермен бөліссе, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ аудандық филиалдың төрағасы Амангелді Уәлиев Сембай Ғұсманұлының аудандық мәдениет және спорт саласына сіңірген еңбегіне тоқталып өтті. Ұйымдастырушылар алқасы мен қатысушыларға рахметін айтты.
Еске сала кетсек, Сембай Ғұсманов 1946 жылы Жәнібек ауылында дүниеге келген. Жәнібек қазақ орта мектебінде оқып, орта білім алған ол 1963-1964 жылдары Жәнібек кеңшарында механизатор, кейіннен аудандық киножүйесінде көмекші киномеханик болып қызмет атқарған. 1964-1965 жылдары Шымкент қаласында №38 кәсіптік техникалық училищеде оқып, «Киномеханик»мамандығын игерген ол 1965-1967 жылдары аудандық кинотеатрда аға киномеханик, 1967 жылы Жәнібек аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб аға киномеханигі, 1973-1977 жылдар аралығында аудандық мәдениет үйі директоры болса, 1977-1980 жылдары аудандық мәдениет және демалыс саябағының директоры, 1980-1984 жылдары Жәнібек поселкелік атқару комитетінің орынбасары, 1984-1987 жылдары аудандық мәдениет үйі директоры, 1987-2005 жылдары аудандық киножүйесі директоры, 2005-2008 жылдар аралығында аудандық сауықтыру орталығының директоры, 2008-2009 жылдары аудандық қоғамдық мұражай директоры қызметтерін атқарған. Бірнеше медальмен және 1995 жылы «ҚР кинематография үздігі» белгісімен марапатталған С.Ғұсманов 2014 жылы дүниеден өтті.
Турнирде алғаш болып мәдениет саласы қызметкерлері мен «Жәнібек» спорт клубы бақ сынасты. Алайда, бірден кәсібилігін дәлелдей білген «Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» ойыншылары оқ бойы озат болып, қарсыластарының ешқайсысына дерлік дес бермеді.
Айтқандай алдына еш команданы салмаған жүлделі I орынды «Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» алса, II орынды шекара бөлімі қызметкерлері және III орынды су шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері иеленді.
Ойын барысында үздік нәтиже көрсетіп, «Үздік шабуылшы» аталымына Денис Германов ие болса, «Үздік қорғаушы» аталымына Назира Қайратова лайық деп танылды. Ал «Үздік байланыстырушы» ретінде Нұржан Өтешов көзге түссе, Ерасыл Мәдиев көптің ішінен суырыла шығып «Үздік ойыншы» атағын жеңіп алды. Турнирдің жүлдегерлері мен жеңімпаздары ұйымдастырушылар алқасы атынан диплом, медаль, кубок және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Арай Сейфолла,
Жәнібек ауданы