31.12.2024, 17:15
Оқылды: 31

Ақсуатта қандай айшықты істер атқарылды?

Биылғы жыл Шыңғырлау ауданының құрылыс саласы үшін түсімді жыл болды. Ауданда тұрғындардың әл-ауқатын көтеру, елді-мекендерге халықты тұрақтандыру, жаңа отбасылар қоныстандырып, мектептегі балалар санын реттеу бағытында 37 пәтердің құрылысы жүргізілді. Ауылға қоныс аударған ағайынның бірқатарына қала типтес жаңа пәтерлер беріліп, жұмыспен қамтылды. Жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылды.

Аксуат

Сондай-ақ, ел Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен ауылдың денсаулық сақтау жүйесін жаңарту ұлттық пилоттық жобасына сәйкес елді-мекендерге жаңа медициналық нысандар салу үрдісі де қатар жүргізілуде. Жуырда осындай ауылдық фельдшерлік-амбулаториялық нысан Ащысай ауылында салынып, су жаңа ғимарат қолданысқа берілген еді. Міне, аяқтала келген жыл қорытындысы іспетті су жаңа медпункт ғимараты бүгін Ақсуат ауылында ашылды. Бұған дейін медпункт есебінде қолданылып келген ғимарат әбден ескірген еді. Бірақ осы ескі үй халыққа біраз жыл бойы қызмет етіп келген.

– Ауыл халқы үшін аса қажет нысанның ашылу салтанаты ақсуаттықтар үшін үлкен қуаныш. Үлкендеріміз бар, кішкентай балалар бар, денсаулықты қадағалап отыратын, сырқаттана қалсақ баратын орын болуы керек қой. Міне, сол қажеттілік орындалып, бірнеше бөлмелі, жарық, жаңа үлгідегі ғимарат салынды. Өте қуаныштымыз, осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғыс көп, - дейді ауыл тұрғыны Ғайса Исқақов.

Жаңа нысанның құрылысын «Жиенбай ЖШС-гі жүргізіп, сапалы және уақтылы қолданысқа тапсырып отыр. Аудан басшысы Мұрат Өмірәлиев тұрғындарды ауылдың тұрмыс-тіршілігі үшін аса қажет жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, ауыл қариясы Бақыт Айтмұхамбетова осынау жақсылықты ұйымдастырып, жүзеге асырған басшылық пен құрылысшыларға алғыс білдірді.

Аксуат4

Бұдан әрі ауылда елді-мекендерді «Ақбұлақ» таза ауыз суымен қамту бағдарламасы бойынша салынып, қолданысқа берілгелі тұрған су құбыры желісі іске қосылды. Осы жылы ауыз сумен қамту бағытында аудан бойынша Ащысай ауылдық округіне қарасты Талдысай  ауылында және Қарағаш ауылдық округінің Қайыңды ауылында кешенді блоктық модульдер іске қосылған еді. Аталған кешенді құрылғылар тұтынушыға суды тазартып, сапалы түрде ұсынатын жабдықтар, яғни, тұрғындарға сапалы ауыз судың берілуін қамтамасыз етеді.

Ақсуаттағы су құбырының құрылысы мамыр айында бастау алған болатын. Бұған дейін қолданылып келген көшедегі су көздерінің (колонкалар) алынып тасталып, енді ауыз су тұрғындардың үйлеріне дейін жеткізіп беріледі. Құрылысты «ҚұрылысГаз» ЖШС-і жүргізіп шықты.

Аудан басшысы Мұрат Өмірәлиев ақсуаттықтарды су құбыры желісінің іске қосылуымен құттықтап, ауыл тұрғыны Жұман Алмағамбетов өз алғысын жеткізді.

Аксуат3

Жалпы аудан бойынша ауыз сумен қамту мәселесі алдағы 2025 жылға түпкілікті шешімін табатыны бұған дейін де айтылып келеді.

Ауылға көшіп келген және келгісі келетіндер де бар екен. Яғни, ауылға қоныстанғысы келетін ағайынның қарасы артып келеді және бұл тек қана Ақсуат ауылына тән емес. Шекара бойындағы елді-мекендерге ел қоныстандыру, жалпы ауылдағы халық санын көтеру мемлекетназарындағы мәселе. Осы себепті де ауданымызда биыл тойланып жатырған қоныстойлардың дені ауылдарда болып жатыр. Ақсуат ауылы орталықтан шалғай болғанымен, тіршілікке қолайлы аймақ. Бұл тұрғындардың мақтанышын, келушілердің қызығушылығын тудырады.

– Бүгін біздің ауылымыз үшін ерекше күн. Медициналық пункт пен ауыз су құбырының іске қосылуы-бұл үлкен жетістіктер мен игілік бастамалардың нәтижесі. Бұл маңызды оқиғалар біздің ауылымыздың дамуына жаңа серпін беріп  тұрғындардың денсаулығы мен тұрмыстық жағдайларын жақсартуға үлесін қосатын болады. Мектеп ұжымы мен ауыл тұрғындарының тарапынан осы маңызды жаңалықтарға қуанышымызды білдіреміз. Баршаңызды осы маңызды оқиғалармен құттықтай отырып, ынтымақ, бірлік пен ізгілік жолында әрдайым бірге болуға шақырамыз. Болашақта да ауылымыздың көркеюі үшін күш жігерімізді біріктіре отырып барша тұрғындарымыздың өмір сапасын арттыру жолында еңбек етуге дайынбыз. Ауылымызды жақсы жаңалыққа толтырып, жаңа нысан салып берген, үйді-үйімізге таза су жеткізіп беріп жатырған барша басшылыққа, құрылысшы жандарға Ақсуат ауылының мектебі мен барлық тұрғындар атынан шынайы ризашылығымызды білдіріп, жақсы ниетпен тілегімізді жолдаймыз. Жаңа жылда жаңа бастамаларымыз жақсылыққа толы болып, еліміз тыныш, жұртымыз аман болғай,- дейді ауыл мектебінің басшысы Ұлболсын Бахитова.

Алдағы уақытта ауылға жаңа клуб салып беру де ойластырылып жатыр. Ауылға, әсіресе, жастар үйірсек. Қазірдің өзінде ауыл мектебіндегі ұжымның дені жастар. Әрине, бұл өз кезегінде ауылдың көркеюіне бірден-бір әсер етуші фактор. Осынау үрдіс әр ауылда жалғасын тапса нұр үстіне нұр болар еді.

Жыл жетісті осындай жақсы жаңалықтармен толықты. Алдағы жылымыз да жемісті, жетістікті болғай.

Қаршыға Асу

 Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале