11.01.2017, 12:46
Оқылды: 20

Жаңа заң – жаңа тәртіп

borli-con  Жаңа жыл басталысымен халыққа қызмет көрсету орталықтарына асыққан халықтың қарасы көп.

  Бөрлі ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығының директоры Ғалымжан Қасымбай мырзаның айтуынша мәселен тек  9 қаңтар күні орталыққа 70 адам тұрақты, ал 40 адам уақытша тіркеуге тұрған. Ал 10 қаңтар күні тұрақты тіркелгендер 74 адам болса, уақытша тіркелген адамның саны 49 екен.


  Ия өндірісі өзге өңірлерден қарағанда кең дамыған біздің ауданымызға басқа облыс, ауданнан келіп, пәтер жалдап, жұмыс жасайтын адамдардың саны да бұдан да көбірек болары сөзсіз.

  Негізінен азаматтарды уақытша мекенжайда тіркеу тәртібі үкімет қаулысы деңгейінде бұрын да болған. Енді бұл тәртіп заң деңгейінде бекітіліп,  көші-қон заңына «уақытша мекенжай» деген түсініктің анықтамасы мен уақытша мекенжайда тіркеу міндеті енгізілген.

  Ақтөбе мен Алматы қалаларында болған терактіден кейінгі үкіметтің бұл «қылығына» көпшілік есеңгіреп қалды. Себебі бұрынғы заңдағы үш ай бір айға қысқарып, төлейтін айыппұлдың соммасы ұлғайған.

  Енді тұрғылықты жерінен өзге өңірлерге бір айдан асатын мерзімге барған әр қазақстандық мемлекеттік баж салығы ретінде 227 теңге төлеп әрі халыққа қызмет көрсету орталығына барып уақытша мекенжайы бойынша тіркеуге тұруыға міндетті. Бұл талап қонақүйде тұрып, өзге қалада жұмыс істейтін адамдарға да, өзге қаладағы ауруханада жатып ұзақ емделетін адамдарға да қатысты. Алғашқыларын қонақүй орналасқан мекенжай, ал екіншілерін емделетін орны бойынша тіркейді. Бұл талапты орындамағандарға жеті  айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 16 мың теңге айыппұл салынады.  Бұл мәселе баспанасын жалға беретін қожайындарға да тікелей қатысы бар. Өйткені айыппұл пәтерінде тұрып жатқан адамдарды тіркеуге қоймаған пәтер иелеріне де   салынады.   Оларға салынатын айыппұлдің сомасы да көбірек.  Жеке тұлғаларға 10 АЕК (22,6 мың теңге), шағын кәсіпкерлерге - 15 АЕК (34 мың теңге), ал қонақүй қожайындары сияқты ірі бизнес өкілдеріне 50 АЕК (немесе 113,5 мың теңге) көлемінде айыппұл салынады. Айта кету керек бұл айыппұлдар азаматтарға бірнеше ескертуден кейін ғана салынады. Және ішкі істер қызметкерлрі үй-үйдің есігін қағып мазаламайды да.

  Уақытша тіркеуге тұру үшін мына құжаттар керек: тұрғын үй иесінің келісімі, оның жеке куәлігі, тіркелушінің жеке куәлігі және АЕК-тің 10 пайызы (227 теңге) көлеміндегі мемлекеттік салымның төленгені жайлы түбіртек. Тіркелуші азамат та, баспана иесі де тіркелуге келуі тиіс, себебі құжаттың чипіне өзгерістер жазылады. Өзі келе алмаған жағдайда нотариус қол қойған келісімшарт болуы тиіс. Ал электронды цифрлық қолтаңба болған жағдайда қазақстандық өзін электронды үкімет арқылы тіркеле алады, содан кейін ол тұрғылықты тіркеудің қажет емес екенін жазуы тиіс.

Айым НҰРҒАЛИЕВА

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале