Аудан әкімдігінде гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы республикалық акция аясында кеңейтілген комиссия отырысы өтті. Жиынға облыстық деңгейдегі уәкілетті органдардың, жергілікті құқық қорғау құрылымдарының, әлеуметтік сала мамандарының, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері қатысты.

Басқосуды аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев ашып, ауданда атқарылып жатқан алдын алу шаралары туралы жан-жақты баяндады. Оның айтуынша, аудан бойынша гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында кешенді жоспар бекітіліп, жүйелі жұмыстар атқарылуда.
– Ең алдымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына басымдық бердік. Ауылдық округтерде баннерлер орнатылып, ауданға кіреберістерге алимент төлемдері туралы ескертпе баннерлер ілінді. LED-экрандардан бейнероликтер көрсетіліп, әлеуметтік желілерде әйел мен бала құқықтары, отбасылық зорлық-зомбылық туралы тұрақты ақпарат жарияланып келеді. Заңдағы өзгерістер де халыққа түсіндірілуде.
Жастар ресурстық орталығы арнайы бейнероликтер әзірлеп, мектеп тәлімгерлері мен қалада оқитын студенттермен жиындар өткізілуде. Аудан бойынша қоғамдық ұйымдар да белсенді: әжелер ансамблі, жас келіндер ұйымы, қазақы салт-дәстүрді дәріптеу бағытындағы тәрбиелік жобалар жүйелі түрде жалғасуда.
Жас келіндерге арналған шеберлік сағаттары, қолөнер үйірмелері, қазақша викториналар, отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған іс-шаралар дәстүрлі түрде өтеді. Сонымен бірге қиын жағдайда қалған отбасыларға әлеуметтік қолдау да күшейтілді. Мәселен, ауданымыздағы Рубежин ауылында пеш жағып күнелтіп отырған отбасы бар. Сол отбасыға жаңа үйдің кілтін табыстау жоспарлануда. Аталған тұрғын үй - су тасқыны кезінде зардап шеккендер үшін арнайы салынған нысандардың бірі. Кеше қоғамдық кеңес өз хаттамасымен осы үйді көпбалалы отбасыға беру туралы шешім шығарды. Соның нәтижесінде отбасы жаңа үйге көшіріліп, қажетті әлеуметтік қолдау көрсетілмекші. Бұдан бөлек, ауданымызда әйелдер және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия бірлесіп жұмыс істейді. Әдетте, жағдайы төмен отбасылар осы екі құрылымның біріккен жұмысы нәтижесінде анықталады. Отбасындағы тәрбие, әлеуметтік-тұрмыстық қиындықтар бойынша мәселелер жан-жақты қаралып, әр отбасының әлеуметтік картасы жасалады. Сонымен қатар пробация қызметі арқылы да қиын жағдайдағы отбасылар анықталып отыр. Мысалы, Переметный ауылындағы бір көпбалалы ана табыс табу үшін қалаға кетіп қалып, төрт баласын қараусыз қалдырған жағдай анықталды. Комиссия бұл мәселені назарға алып, әйелге аудан орталығынан жұмыс тауып берді. Қазір ол атаулы әлеуметтік көмек (АСП) алып отыр. Әлеуметтік қорғау жүйесінде тұрғындар А, Д, Е санаттары бойынша тіркеледі. Д санатындағы отбасыларды А санатына, яғни тұрмысы тұрақты деңгейге көшіру бағытында тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Мәдениет бөлімі де бұл процеске белсене атсалысады. Есепте тұрған отбасыларды тексеру кезінде мәдениет қызметкерлері міндетті түрде шақырылып, отбасының кітапханаға келуі, спорттық секцияларға қатысуы секілді факторлар зерделенеді. Балалардың бос уақыты, ата-аналардың қоғамдық белсенділігі бойынша мониторинг жасалады. Әсіресе ер адамдардың отбасылық және қоғамдық өмірге қатысу деңгейі ерекше бақылауда, – деді Ерлан Ерсайынұлы.

Жиынға қатысқан БҚО әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Татьяна Рогозина ауданның атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалады.
– Халықаралық "16 күн гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы" акциясы еліміздің барлық өңірінде өтіп жатыр. Ұлттық комиссия осы бағыттағы жұмыстарды жыл сайын қолдап келеді. Бәйтерек ауданының алдын ала нәтижелері жақсы екенін атап өткім келеді. Мұнда ҮЕҰ-дың белсенділігі де ерекше байқалады. Осы ретте бір маңызды жайтты атап өткім келеді: ақпараттық материалдар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғанда, мәліметтің дұрыс, нақты әрі бұрмаланбай жеткізілуі аса маңызды,– деді ол.
БҚО полиция департаментінің зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің бастығы Дильяра Саттарованың айтуынша, облыс бойынша биыл 161 әйелді ұру фактісі тіркелсе, оның 7-і Бәйтерек ауданында орын алған. Жалпы аудандар арасында Бәйтеректің көрсеткіші тұрақты. 16 қыркүйектен бастап заңға енгізілген өзгерістер, интернет-алаяқтықтың алдын алу, цифрлық қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасады.
"Stop Bowling" қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі Айжан Сабурова балалар қауіпсіздігі, кибербуллинге қатысты шаралар және ЖИ арқылы олардың немен айналысатыны тұрақты ата-ана мен ұстаздар қадағалауында болуы қажеттігін жеткізді. Аудандық прокуратура қызметкері Мейірбек Нағашыбек те атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

– Білім бөлімі және полициямен бірлесіп, аудандағы 42 мектептің ата-аналарымен кездесулер өткіздік. Онда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бала психикасына әсері, сталкинг туралы жаңа заң нормалары түсіндірілді. Бұл бағыттағы алдын алу шаралары жалғасады, – деді ол.
16 күндік акция аясындағы шаралар әрі қарай ауданда әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларды бақылау және қолдау жұмыстарымен, сондай-ақ мектептердегі алдын алу кездесулерімен жалғасын тапты.
Гүлжаз Қалесқызы,
Бәйтерек ауданы,
zhaikpress.kz