Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Зеленов аудандық филиалы мен аудандағы кәсіпкерлер мен шаруа қожалық басшыларының басын қосып жиын өткізді.
Жиында ауыл шаруашылығы өндірісі кооперативі, кәсіпкерлікті дамытуға арналған жаңа бағдарлама жайында сөз қозғалды. Ал, аудандық әділет және салық, жұмыспен қамту мен ауыл шарушылық бөлімінің қызметкерлері кеңестерін айтып, сауалдарға жауап берді.
Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заң өз күшіне енген болатын. Мақсаты ауыл шаруашылығы кооперативтері мүшелерінің құқықтық жағдайын, құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативтері мен олардың қауымдастықтарының құқықтық жағдайын, олардың құрылу қызметі, қайта ұйымдастырылуы және таратылуы тәртібін айқындау. Ауыл шаруашылығы кооперативтері қызметінің негізгі түрлері ауыл шаруашылығы өнімін, акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімін өндіру, қайта өңдеу, өткізу, сақтау, өндіріс құралдарымен және материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтау және кооперативтің мүшелеріне, сондай-ақ кооперативтің қауымдасқан мүшелеріне сервистік қызмет көрсетудің басқа да түрлері болып табылады.
-Осы күнге дейін қолданыста болған «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы биылдан бастап тоқтатылды. Орнына «Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» жаңа бағдарламасы енгізілді. Аталмыш бағдарламамен қаражатқа қол жеткізу үшін кәсіп иелері ауыл шаруашылығы өндірісі кооперативтерін құру қажет. Бұл бағдарламаның басты шарты, - деді аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Виктор Баштавенко.
Бұдан бөлек палата филиалы директоры Әсел Қартқожақова кооператив құру жөнінде кеңінен түсіндіріп, маңызы мен тиімділігне тоқталып өтті.
Жаңа бағдарламаның негізгі мақсаты өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды және өзге де біліктілігі жоқ тұлғаларды өнімді жұмысқа тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу екен.
Айта кетейік осы уақытқа дейін ауданымызда екі ауыл шаруашылығы кооперативі құрылыпты. Тағы да екеуі құрылмақ ниетте.
Д.ТІЛЕКҚЫЗЫ
Зеленов ауданы